БҚО-да 11 кәсіпорын «Халық бақылауы» жобасын іске қосты
БҚО-да 11 кәсіпорын «Халық бақылауы» жобасын іске қосты
Жоба өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға және ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған.
Николай Антонов Оралдағы шинаны қайта өңдеу зауытында «халық бақылаушысы» болып жұмыс істейді. Ол әріптесімен бірге бейнебақылау жүйесінің көмегімен кәсіпорында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды. Мұндай мониторинг жарақат алу жағдайларын азайтады. Ал жұмыс беруші мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алу квотасын пайдаланады.
Төрт жыл бұрын Николай Антоновтың өзі де станокта жұмыс істеп тұрып, қолынан айырылған. Компания оған протез сатып алып, басқа жұмысқа ауыстырды.
«Халық бақылауы» жобасы 2019 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысындағы «Қазхром» зауытында алғаш рет президентке таныстырылды. Енді басқа өңірлерде де жүзеге асырылып жатыр. Жоба өндірісте алған жарақат салдарынан мүгедек болғандарға әлеуметтік жағдайы мен табысын сақтап қалуға көмектеседі.