Новости КАЗ

Жосықсыз жұмыс беруші реестрі: қандай ақпарат ұсыну керек?

Реестрде заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылық түрі мен саны және т.б. деректер болады.

Жосықсыз жұмыс беруші реестрінің ережесінде ұсынылған мәліметтердің дәйектілігі қатаң бақыланады. Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (мәселен, хабарламалар скриншоты, еңбек шартының көшірмесі...). Егер жұмыс берушінің әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті.

Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Алайда деректердің растығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі. Шындыққа жанаспайтын шағымдардың алдын алу үшін өтініш берушіні жауапкершілік жайлы ескертудің бірнеше кезеңі қарастырылған.

Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Реестр қордың adildik.org.kz сайтында жарияланады. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады. Онлайн режимінде толықтырылып отырады.

Осылайша ақпаратты бір жерде жинақтау қазақстандықтарды жосықсыз жұмыс берушімен еңбек қатынасынан қорғайды.