Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» ақтөбеліктердің әлеуметтік мәселесін шешуге көмектесті

«Әділдік және өркендеу» қорының өңірлік өкілдіктеріне жергілікті тұрғындардан күн сайын түрлі өтініштер келіп түседі. Солардың біріне қордың ақтөбелік белсенділері араласып, көп жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан әлеуметтік мәселені шешуге көмектесті. Жергілікті кәсіпкер саяжай иелерінен газ өткізіп бергені үшін артық ақы алып келген. Оның бұл заңсыз әрекетін қала тұрғыны «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының көмегімен сот алдында дәлелдеп, жеңіске жетті.

Осылайша қор тек бір тұрғынның құқығын ғана қорғап қойған жоқ, мыңдаған саяжай тұрғындары жыл сайын кездесетін кедергіні көрсетіп берді. Әдетте, саяжай аумағындағы инженерлік коммуникациялар жеке тұлғаның иелігінде болады, ал олар «қазаншының өз еркі» дегенге салып, бағаны көтере береді.

«Мұндай жағдайды болдырмаудың бір амалы бар, ол - саяжайларды қалалық аумақ деп тану», -дейді Қордың Ақтөбе өңіріндегі өкілдігінің төрағасы Александр Мандрыкин.

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры белсенділері қосыла қолдайтын қағидаттар – заң алдындағы теңдік және барлық азаматқа тең мүмкіндік. Кез келген азаматтың міндеттері мен құқықтары әлеуметтік дәрежесі мен материалдық жағдайына қарамастан заң алдында бірдей сақталуы керек.