Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» Қорының өкілдері қазіргі қоғамда адал еңбекке культін дәріптеу және Еңбек адамының мүдделерін қорғау туралы шешім қабылдады

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры оңтүстік өңіріндегі өкілдіктерімен көшпелі кездесу ұйымдастырып, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте бас қосты. Іс-шара барысында ұйымның 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері айтылды, сондай-ақ алдағы екі жылға арналған жұмыс жоспарлары қаралды.

Жиында бірінші болып Шымкент қаласы бойынша Қордың өңірлік өкілдігінің басшысы Эльенора Ағабекқызы сөз сөйледі.

«Бүгінгі отырысқа оңтүстік өңірлер қатысып отыр. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы және Шымкент қалалары. Өңірлік кездесуіміз мамыр айында жоспарланған болатын. Бірақ су тасқынына байланысты ол кейінге шегерілді. Бұл өңірлерге барлық аймақтан гуманитарлық көмек жеткізілді. Осы көмек үшін әрқайсыңызға жеке-жеке алғыс білдіреміз»,- деді ол өзінің қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде.

Бүгінгі таңда «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының жақтастар саны ел бойынша 3 000 адамға жуықтады, олардың дені оңтүстік облыстардың белсенділері. Қоғамдық қор құрылғалы бері оның өкілдері өңір белсенділермен бірлесіп, үлкен жұмыс атқарды.

«Біздің Қордың идеялары мен миссиясы өңірлерде үлкен қолдау тапты. Қазір біздің қатарымызда 2 900 жақтасымыз бар. Тек соңғы 20 күнде бізге 900 адам қосылды. Бұл азаматтардың біздің қоғамдық ұйымға деген үлкен сенім білдіріп отырғанының белгісі», - деп атап өтті «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Өз сөзінде ол ұйымның әлеуметтік-еңбек саласындағы басым бағыттарға тоқталып өтті. Фокус Еңбек адамының мүдделерін қорғауға бағытталған.

«Біздің басым бағыттарымыз - еңбекті қорғау және кәсіпорындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбек заңнамасын реттеу. Біздің Қор еңбек адамдарының мүдделерін қорғайтын лоббист ретінде қызмет атқара алады. Әрине, кәсіподақтар бұл жұмыстағы ең маңызды серіктестерімізге айналуы мүмкін. Қордың қоғамдық процестерге сындарлы түрде ықпал етіп, қарапайым жұмысшылардың мүдделерін қорғау кезінде жұмыс берушілер мен билік органдары диалог орнатқанда, біз серіктес-медиатор ретінде қызмет ету мақсатын өз алдымызға қойып отырмыз», - деп түсіндірді Дана Рысмұхамедова.

Таяу болашаққа арналған жоспар ретінде қоғам белсенділері қазақстандықтар үшін маңызды тағы бірнеше міндет белгіледі. Бұл шетелдіктердің қатысуымен ашылған кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау, «құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы қоғамдық бақылау, моноқалалар мен ауылдардың дамуына жәрдемдесу және кедейлікпен күрес. Осы мәселенің барлығы ұйымның негізгі күн тәртібінде қамтылған, ол әлеуметтік мониторинг нәтижелеріне сәйкес өзгеріп тұрады.

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедованың айтуынша, Қор өзінің аймақтық құрылымын кезең-кезеңімен кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Біз алдағы уақытта өнеркәсіптік кәсіпорындар мен басым әлеуметтік топтар бар өңірлерде облыстық, қалалық, аудандық бөлімшелер желісі ретінде дамуды көздеп отырмыз. Жаңа өкілдіктер ашылатын орындарды Қордың аймақтық өкілдері және жақтастарымен кездескенде анықтаймыз. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз - әр аймақта қоғамдық қабылдау ашу», - деді ол.

Қазір өңірлік қоғамдық қабылдаулар еліміздің алты облысында бар – Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Ақтөбе. Олар қысқа мерзімде өз жұмысының алғашқы маңызды нәтижелеріне қол жеткізді. Тек Түркістан облысындағы қоғамдық қабылдауға ақпан-мамыр айлары аралығында 200 өңір тұрғыны келді, Астанада 217 елорда мен жақын маңдағы аудан азаматына құқықтық қолдау көрсетілді.

Кездесу барысында Қордың Алматы облысы бойынша өңірлік өкілдігінің жетекшісі Мадияр Қожахметов өңірдегі кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін бақылау бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелерімен бөлісіп, АӨК секторы қызметкерлерінің өзекті мәселелерін айтты.

Өз кезегінде Қордың Қызылорда облысы бойынша өңірлік жетекшісі Анар Ізден мен Жамбыл облысындағы филиал басшысы Женгелді Омаров өз аймақтарындағы маңызды түйіткілдерге тоқталды.

Қордың Түркістан облысы бойынша өңірлік өкілдігінің басшысы Әдемау Толысбаева өз сөзінде қоғам арасында «еңбек адамының» мәртебесін көтеріп, адал еңбек культін дәріптеу қажеттігіне ерекше назар аударды.

Қордың Шымкент қаласындағы өкілдік жетекшісі Эльенора Ағабекқызы еңбек ұжымдарымен өзара әрекеттесу жайын айтып, тәжірибесіндегі нақты кейстермен бөлісті.

Сондай-ақ Қордың Алматы қаласы бойынша өңірлік өкілдігінің басшысы Мирас Байсейітов түрлі саладағы кадр тапшылығы проблемасын айтып, оны шешудің бірнеше жолын ұсынды.

Соңында қоғам белсенділері 2024-2025 жылдарға арналған нақты іс-қимыл жоспарын анықтады, әрбір филиал үшін жұмыстың басым бағыттарын белгіледі және де Қор қызметін дамыту бойынша ұсыныс алмасты.
2024-06-19 18:04