Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мүшелері өңірлерге сапары барысында Қарағандыда жақтастарымен кездесті

Қарағандының көмір бассейні кәсіпорындарында жұмысшылардың жарақаттану көрсеткіші әлі де жоғары. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мүшелері өңірлерге сапары барысында Қарағандыда жақтастарымен кездесті.

Мұндай көшпелі кездесулердің басты міндеті – жергілікті жұмысты үйлестіру, тұрғындардың пікірін жинақтау, соған сәйкес ұйымның іс-қимыл жоспарын айқындау. Кездесулерге Қуаныш Жарлықас, Дана Рысмұхамедова, Гүлжан Мархабаева, Жәнібек Даринов секілді қордың қызметкерлері қатысты.

Қарағанды облысында қордың қызметіне 60-тан астам адам қолдау білдіріп, жақтасы атанды. Олардың қатарында өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері, кеншілер, фермерлер мен мұғалімдер, дәрігерлер мен заңгерлер, кәсіпкерлер, қала, аудан және ауыл тұрғындары бар. Белсенді ұстанымы бар бұл азаматтардың мүдделері Қордың негізгі құжаты - Манифесте көрсетілген қағидалармен тұспа-тұс келеді.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры қызметкерлерінің қарағандылық жақтастармен кездесуі ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Жиналғандардың әрбірі кеншілер аймағының проблемаларын көтерді. Бұл - әлеуметтік әділдікті ұстану, «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» дамыту, жұмысшылардың құқығын қорғау, сондай-ақ білім беру, жұмысшы жастардың баспанаға қол жетімділігі, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу секілді қадау-қадау мәселелер.

Қарағанды облысы Абай ауданының Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлия Әшімова Қор бастамаларын қолдайтынын айта келе, жастарды қолжетімді баспанамен қаму мәселесін көтерді. «Мен сізге жұмысшылар үшін, жастар үшін тұрғын үйдің қол жетімділігі мәселесін бақылауға алуды ұсынғым келеді. Бұл тек біздің ауданның ғана емес, тұтас елдің проблемасы. Әрине, бір деммен баспана мәселесін шеше алмаймыз. Бірақ, жұмысшы жастар үшін мүмкін арнайы бағдарлама керек болар. Осы сұрақтарды назарға алып, жауапты органдармен бірігіп шешсек деген ұсынысым бар».

Кездесуге Абай ауданынан келген қоғам белсендісі Дастан Әбжалиевтің де айтар ойы осымен үндес, ол - жастарды қолдау, жастарға тегін әрі кәсіби білім беру. «Біздің жастар оқуға түсер алдында қиналады. ҰБТ алған ұпайы жетпейді, ақылы оқиын десе тым қымбат, осылайша NET санатындағы жастар пайда болады. Меніңше, токарларды, дәнекерлеушілерді және басқа да жұмысшы мамандықтарды кәсіби даярлаумен және тегін негізде айналысу керек. Зейнетке шығып жатқан мамандарды алмастыратын маман жоқ. Бұл жайында көп әрі жиі айтып жүрміз, бірақ нәтиже шамалы» дейді белсенді.

Қор белсенділері кездесу барысында көтерілген мәселелер мұқият назар аударуды талап ететінін айта келе, еңбек құқығын сақтау, өндірістегі техника қауіпсіздігін арттыру аса өзекті. Қор осы мәселелерде қоғамдық бақылауды күшейтуді қолдайды. «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының Бас техникалық инспекторы және Қордың белсенді жақтасы Андрей Лукин атап өткендей, Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында жарақат алу қаупі әлі де жоғары. Өндіріс орындарында жазатайым оқиғалар жиі тіркеледі. Бір айдан астам уақыт бұрын жер астындағы шахтада тағы да өрт болды. Абырой болғанда кеншілер дер кезінде құтқарылып, дін аман. Кездесуде қауіпті кәсіпорындарды қоғамдық бақылауға алып, төтенше жағдайлар санын азайтуға ықпал ету жайы талқыланды.

«Жұмысшылар, соның ішінде жастар өз мемлекетінің заңдарын, өз құқықтары мен міндеттерін жатқа білуге тиіс. Оларды мониторинг пен бақылауға үйрету керек. Бізде Еңбек кодексінде 3-бап бар. Онда құқықтар мен міндеттер нақты көрсетілген. Жұмысшылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, демалуға, еңбекақы алуға және тағы да басқа құқықтарға ие. Бірақ, әрине, олардың да бірқатар міндеті бар – барлық нұсқауларды нақты орындау. Мұның бәрін жақсы білу керек. Өзіңізге және адамдарға адал болу да маңызды, - деп атап өтті 30 жылдық жұмыс өтілі бар шахтер Андрей Лукин.

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жақтастары мұндай ұстанымды қолдайды әрі ұстанады. Мәселелерді бірге әрі біріге отырып шешу керек. Билікпен диалог алаңдары қажет, Үкімет пен Парламент алдына міндеттер қою керек. Алдағы уақытта еңбекті қорғау жөніндегі медиация, білім беру, медицина мәселелері, ауылдағы фермерлерді қолдау мәселелері көтерілетін болады. Сондай-ақ «Әділдік және Өркендеу» қорының Жастар қанатын құру жоспарда бар.

Жалпы, Қарағандыдағы кездесу нәтижелі және ұйымның одан әрі дамуы үшін пайдалы болды. Өңірлік кездесу барысында айтылған барлық ұсыныс жіті зерделеніп, жинақталып, Қордың іс-қимыл бағдарламасына енгізілетін болады. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қоры өкілдерінің өңірлерге жұмыс сапарлары жалғасады.