Новости КАЗ

Жұмыс уақытына қатысты жиі қойылатын сауалдар – заңгер жауабы

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорына тұрғындардан жұмыс уақыты мен үстеме жұмыс үшін төленетін ақыға қатысты сауалдар түсіп жатыр. Ең жиі кездесетін сұрақтарға Қор заңгері Самира Тайтенова жауап берді.

– Жұмыс уақыты күніне қанша сағаттан аспауға тиіс?

Еңбек Кодексіне сәйкес, күніне 8 сағаттан, аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты белгіленуі қажет. Қосымша жұмыс уақыты күніне 2 сағаттан, айына 12 сағаттан, ал бір жылдың ішінде 120 сағаттан аспауға тиіс. Маңызды жайт – қосымша жұмыс үшін жалақыға арнайы үстемеақы қосылуы керек. Ал ауыр, зиянды, қауіпті жұмыстарда артық жүктеме күніне бір сағаттан аспауы қажет.

– Үстемеақы қалай есептеледі?

Түнде немесе негізгі жұмыс уақытынан тыс қосымша істеген кезде және демалыс, мейрамдарда төленетін үстемеақы күндік немесе сағаттық табыстан бір жарым есе артық болуы керек.

Артық жұмыс үшін ақы емес, демалыс беретін кездер де болады. Бұл үшін Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес, тараптардың келісімі қажет. Үстеме жұмыс үшін бір сағаттан артық жұмыс үшін кемінде бір сағат демалыс берілуге тиіс.

Кодекстегі 77-бабының 3-тармағына сәйкес, жүкті әйелдер, он сегіз жасқа толмағандар мен мүгедектер үстеме жұмыстан босатылған. Аяғы ауыр әйел жүктілігі туралы анықтаманы жұмыс берушіге ұсыну керек.

Дәл осы кодекстің 77-бабының 2-тармағына сәйкес, мынадай жағдайларда басшылық қызметкердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға тарта алады:

  • елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік апаитты болдырмау не олардың зардабын дереу жою жұмыстарын жүргізу үшін;

  • су, газ, жылу, энергия жабдықтары және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелеріндегі ақауды жою кезінде;

  • үзіліс жасауға болмайтын жұмыстарда қызметкерді ауыстыратын адам келмей қалғанда, жұмысты жалғастыру үшін;

  • денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін жұмысқа тарта алады.

Бұдан басқа жағдайларда үстеме жұмыс істеуге жұмыскердің жазбаша келісімі болуы керек.

– Жұмыс беруші артық жүктеме үшін төлем жасаудан бас тартса, не істеуге болады?

Еңбек кодексінде бекітілген талаптары бұзылған жағдайда, мемлекеттік еңбек инспекторларына жүгінуге болады.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 89-бабына сәйкес, жұмыс уақытын заңсыз асырған жұмыс берушіге бірінші ретте ескерту жасалады.

Ескерту берілген соң бiр жыл iшiнде қайталанса, лауазымды адамдарға – 40 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 120 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

– Сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін алты күн жұмыс істейтін қызметкерді жұмысқа аламыз деген хабарландырулар кездеседі. Мұндай жұмыс кестесін қою қаншалықты заңды?

Бұл заңды емес. Себебі Еңбек кодексіне сәйкес, максималды жұмыс уақыты 12 cағаттан аспауға тиіс. Ал мұндай жұмыс кестесін қою жұмысшының еңбек құқығын бұзу болып саналады. Мұндай жағдайға тап болсаңыздар, Қорымызға хабарласыңыздар. Заңгерлік көмек көрсетеміз.

Биыл 12 желтоқсанда Қор өзінің жаңа бастамасын жариялады. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

«Әділдік және өркендеу» барша жұмысшыны, қоғамдық ұйым өкілдері мен азаматтарды еңбек адамының құқығын қорғап, әлеуметтік әділдікті нығайтуды көздейтін бастаманы белсенді қолдауға шақырады.

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі 2025 жылдың басында жарияланады.