Жаңаөзен қаласының тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Маңғыстау облысындағы филиалының өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрамында Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, тегін құқықтық көмек көрсетті.
Мобильді топтың басты мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу болып табылады. Оның аясында түрлі мекемелердің қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Мәселен, Жаңаөзен қаласының тұрғыны өз үйінің маңындағы қараусыз қалған ғимараттың қауіп ошағы болып тұрғанына шағымданып, тұрғын үй маңын абаттандырып, балаларға арналған ойын алаңын орналастыру туралы пікірін білдірген еді.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің араласуымен аталған мекен-жай бойынша бақылау бейнекамералары қойылып, түнгі рейдтік шаралар ұйымдастырылатын болып шешілді. Ал, балаларға арналған ойын алаңын салу қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылды.
Айта кетерлігі, Маңғыстау өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасы былтыр бастау алған болатын. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жобасы аясында аймақ тұрғындарына тегін құқықтық көмек облыстың басқа да аудандарда жалғасатын болады.