Еңбек қауіпсіздігі саласындағы қоғамдық мониторинг қорытындысы енді бірден мемлекеттік еңбек инспекциясына жолданады
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мен мемлекеттік еңбек инспекциясы бірлесе жұмыс істеуге келісті. Кәсіпорындарда анықталған олқылықтарды Қор тікелей осы мекемеге жолдайтын болады.
Астанада өткен кездесуде қор өкілдері мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті өзара серіктестіктің нақты жолдарын талқылады.
Қор жанынан еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссия құрылған. Оның құрамына кәсіподақтардың өкілдері, кеншілер, металлургтер мен құтқарушылар енген. Жуырда комиссия мүшелері Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы кәсіпорындарға барды. Қауіпсіздік техникасын өрескел бұзу жайттары анықталды. Мұндай жағдайларды тиімді жою үшін Қор мемлекеттік органдармен, жұмысшы және жұмыс берушімен байланысты нығайтуға ден қойып отыр.
– Қарапайым жұмысшы тікелей еңбек инспекциясына арызданатын болса, оны жұмыс беруші қудалауы мүмкін. Оның тағдыры, отбасы, несиесі кімге қалады? Дәл сол себептен қоғамдық қор осы мәселеде делдал болуы керек. Яғни екі тарапты қосатын алтын көпір болуымыз қажет, – деді «Әділдік және өркендеу» қорыныңеңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясының төрағасы, кенші Шәмші Хамзе.
Бұл іске жұмысшы құқығын қорғайтын кәсіподақтардың қосылуы да маңызды.
– Өндірістегі қауіпсіздік жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселе. Сондықтан кәсіподақтар белсендірек болуға тиіс, - деген ойда қордыңеңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясының мүшесі, «Казуглепроф» көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қоғамдық қорлармен байланысты нығайту пайдалы боларына сенімді. Қазір елде 300-ге жуық еңбек инспекторы бар, бұл бір өңірде шамамен небәрі 7 маман деген сөз.
– Қазір қоғамдық қорлармен бірігіп жұмыс істесек, бізге үлкен көмек болады деген үміттеміз. Қоғамдық қорлар мемлекеттік инспекцияға қарағанда, өздері барып, жағдайды біліп, жұмысшылармен тікелей қарым-қатынас орната алады. Ал біз жасырын құқықбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндікке ие боламыз, – деді кездесуде мемлекеттік еңбек инспекция комитетінің бас сарапшысы Рахат Абдрахманов.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек қауіпсіздігі саласында қоғамдық бақылауды күшейту бойынша өз ұсыныстарын әзірлеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдайды. Қоғам белсенділерін өндірістегі төтенше жағдайды тергеу жөніндегі комиссия құрамына енгізу және еңбек заңнамасына өзгеріс енгізу сынды ұсыныстар солардың қатарында болмақ.