Новости КАЗ

Дәмханадан кәсіпорынға дейін: қоғамдық тамақтану саласында мамандарға сұраныс жоғары

Дәмханадан кәсіпорынға дейін: қоғамдық тамақтану саласында мамандарға сұраныс жоғары

Қоғамдық тамақтану қауымдастығының мәліметінше, елімізде бұл салада ресми түрде 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бірақ іс жүзінде миллионға жетеді.

Бұл сала пандемиядан кейін енді есін жиды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, саладағы тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңге болды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11,9%-ға жоғары.

Былтыр Қазақстанда 15 826 қоғамдық тамақтану орны тіркелді, әсіресе мейрамхана мен асхана көп ашылды.

Бұл сала тез дамиды. Мәселен, Талдықорғандағы компания бастапқыда небәрі алты үстелі бар шағын дәмхана болған. Келушілерге түрлі нан өнімі ұсынылатын. Ал қазір олар кондитерлік цехтары мен дүкендері бар ірі кәсіпорынға айналды. Жүзден астам адам еңбек етеді. Мұнда жаңа технологияларға ерекше мән беріледі. Соңғы жылдары қанты аз өнімдер шығарабастады. Осылайша пайдалы азық-түлік нарығында өз орнын алуға ұмтылып жатыр.

Әбіл Санжар, технологтың көмекшісі:

Мен колледжде оқып жүргенде осында тәжірибеден өтіп, кейін жұмыс істеуге қалдым. Жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Қолымнан бәрі келеді және ісім маған қатты ұнайды.

Аспаз мамандығы тынымсыз еңбекті талап етеді. Күнібойы аяқта тік тұрып жұмыс істеу, ауыр заттарды көтеріп, жылжыту, азық-түліктерді механикалық өңдеу - осының бәрі арқа, буын мен бұлшықеттегі ауырсыну, варикоз сияқты түрлі ауруға әкеп соғуы мүмкін. Мұндай қауіпті азайту үшін жұмыс орнының дұрыс ұйымдастырылуын қадағалау, ауыр заттарды көтеру және жылжыту үшін арнайы құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ үнемі жаттығу жасап, демалу қажет.

Ыстық цех аспаздарына қауіп төндіретін тағы бір жайт- жоғары температура мен күйіп қалу қаупі.

Есімбаева Фаузия, аспаздық бөлімінің бригадирі:

Мұнда жұмысқа орналасқаныма 11 жыл болады. Басшылық жұмыс істеуге барлық жағдайды жасайды. Тамақ тегін, таңертең таңғы ас береді, түскі ас та тегін. Жұмысшылар риза. Кемшілік жоқ деп айта аламын. Барлық төлем жасалады, медициналық сақтандыру, зейнетақы барлығы төленеді. Жалақыны да уақытылыаламыз.

Жұмыс іздеуге арналған сайттарда аспаздарға сұраныс жоғары. Жұмыс берушілер маманның тәжірибесі мен жауапкершілігіне қарай 150-ден 500 мың теңгеге дейін және одан жоғары жалақы төлеуге дайын. Бұл кәсіпті сұранысқа ие мамандықтардың бірі деп айтуға болады. Қоғамдық тамақтандыру саласының жоғары қарқынмен дамып жатқанына қарағанда, нарыққа жыл сайын жаңа аспаздар қажет болары анық.
2024-08-12 18:24