«Масқара жағдай»: Қор белсендісі «Жымпиты-Қособа» жолының сапасын тексеріп көрді
«Әділдік және өркендеу» қорының жақтасы, жол сапасының қоғамдық инспекторы Азамат Мусилов бұл жолы Батыс Қазақстандағы «Жымпиты-Қособа» жолын тексерді. Көптеген олқылық анықтаған. Тапсырыс беруші – БҚО әкімдігі, ал жол жөндеу жұмыстарын екі мердігер: «ТоБи» ЖШС және «Ануш-Құрылыс» ЖШС атқарып жатыр.
Мусиловтың айтуынша, учаскеде техникалық қадағалау жоқ, айналма жолды күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілмеген. Құрылыс техникасының шамадан тыс жүктемесі салдарынан айналма жолдарда терең шұңқырлар пайда болып, шаң көтеріліп, көліктердің жүруіне кедергі келтіріп жатыр.
"Айналма жол нашар болғандықтан, учаскеде жол апаты болған»,- дейді Азамат Мусилов.
Бұған қоса, учаскеде жауапты адамдар жоқ, техника мен адам саны да жеткіліксіз. Бұл жұмыс уақытылы аяқталмауы мүмкін деген сөз.
«Бейресми дерек бойынша, екі мердігер де қаржының басым бөлігін игерген. Тапсырыс беруші жұмыстың арзандатылған жобасын негізсіз қолданған. Бұл жол сапасына, құрылыс жұмыстарына және пайдалану мерзіміне кері әсерін тигізеді. Егер сапаны бағалайтын болсақ, жол тексерістен өтпейді және қаражат негізсіз шығындалған», – деді Мусилов.
Қоғамдық инспектордың пікірінше, жолдарды күтіп-ұстау, жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар толық бақылауға алуы қажет.