«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры Еңбек күніне орай арнайы жоба бастайды
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры Еңбек күніне орай арнайы жоба бастайды
Біз он күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген түрлі маман иелерімен кездесіп, еңбек ардагерлерімен тілдесіп, олардың кәсібі мен еңбек жолы жайында арнайы шығарылымда айтатын боламыз. Осылайша қоғам арасында адал еңбекті насихаттап, еңбек адамының мәртебесін көтеруді көздейміз.
«Еңбек-2024» жобасының алғашқы кейіпкері – Нұрлан Қойшығұлов. Ол осымен 36 жыл үздіксіз Оралдағы кірпіш зауытында жұмыс істеп келеді. Оператордың көмекшісі болып қызметін бастаған ол қазір баптаушы слесарь. Оған жұмыстың жауапты учаскелері тапсырылады. Жабдықтардың жай-күйін тексереді, ақауды жояды.
«Мен 1987 жылы осы зауытта оператордың көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Бір-екі жылдан кейін үйреніп алып, операторлыққа ауыстым. 5-6 жыл істеген соң слесарь наладчик болдым», - деп еске алады ол өткен еңбек жолын.
Нұрлан Қойшығұлов өзінің көпжылдық тәжірибесін жастармен бөлісуге әзір.
«Зауыттың болашағы үшін кәсіби, білікті мамандар керек. Сондықтан, жастарды жинап, бар білгенімізбен бөлісіп жүрміз», - дейді ол.
Әрбір еңбек адамының титімдей жетістігі ел экономикасын еселей түсетініне сенімді. Және сол үшін әлі де жұмыс істей түсуге бар.
Қазақстанда Еңбек күні қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл күн 29 қыркүйекке түсіп тұр.