Новости КАЗ

Маңғыстаулық Қор белсенділері Ақтау қаласындағы мектеп мұғалімдерімен кездесу өткізді

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Маңғыстау облыстық филиалының белсенділері Ақтау қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы № 28 жалпы білім беру мектебінің педагогикалық ұжымына Манифест-үндеуді таныстырды. Кездесуде қоғам белсенділері ұйымның миссиясы мен негізгі бағыттары туралы да айтты.

«Барлығымыз елдің болашағы үшін алаңдаймыз. Біз өскелең ұрпақтың дамыған қоғамда және әділ мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. Қордың міндеттері: қазақстандықтарды толғандыратын мәселелерді шешу, олардың әл - ауқатын жақсарту, еліміздің өркендеуі үшін халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу», - деді «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Нұрбол Конжар.

Кездесу барысында ол Қордың Манифестінде баяндалған негізгі 6 қағида жайлы баяндады. Бұл - жұмысшылардың құқықтарын қорғау, кірістерді бөлудегі әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік, барлығына бірдей мүмкіндіктер, әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы.

Кездесуге қатысушылар өз тарапынан Қордың бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының негізгі мақсаты әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келетін әділ қоғам құруға бағытталған. Ел өңірлеріндегі Қор өкілдері азаматтардың өзекті мәселелерін анықтап, оларды шешу жолдарын бірлесіп әзірлеу үшін еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді.
2024-05-13 17:00