«Мектеп мәзірі»: Қызылордада қор өкілдері оқушыларға берілетін ас сапасын тексерді
«Мектеп мәзірі»: Қызылордада қор өкілдері оқушыларға берілетін ас сапасын тексерді
Олар қаладағы екі мектепке барып, балалар қалай тамақтанатынын көріп қайтты. Мониторингтік топ құрамындағы қор белсенділері №264 және №282 мектеп-лицейлеріндегі бракеражды комиссияның жұмысымен танысып, тамақтандыру құжаттарын тексеріп шықты.
«Бұл салада қызмет көрсетудің нақты стандарттары бар. Біз мектептердегі ас мәзірін, құжаттарды тексердік. Дені сау ұрпақ қалыптасуы үшін қазірден бастап балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуіміз керек. Бір типті өнімдерден бас тартып, мектептегі ас мәзірін түрлендіруге мән беруге тиіспіз. Асханада қызмет ететін әр маман өз жауапкершілігін сезінуі үшін қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алдық», — дейді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жақтасы Айымхан Есіркепқызы.
Мұндай тексерісті өзге мектептерде де жүргізу жоспарда бар. Қала мектептері ғана емес, ауылдық білім ошақтарындағы мәзір сапасы да назардан тыс қалмайды. Мониторинг қорытындысы бойынша білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің жауапты мамандары, мектеп басшылығымен бірге сараптамалық кеңес өтеді.
Еске салсақ, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жүзге жуық оқушы уланып, ауруханаға түскен болатын. Оқиғаның мән-жайын анықтайтын тергеу тобы құрылды. Бактериологиялық анализ жасау үшін тамақ, су және асхана қызметкерлерінен сынама алынды. Нәтижесі мәз емес. Тамақта патогенді бактериялар болғаны анықталды, қызметкерлерден стафилококк табылды.
«Әділдік және өркендеу» қорының Маңғыстаудағы өкілі Нұрлыбек Қарабалин оқушылардың жаппай улануын тергейтін комиссия құрамына енген болатын. Қор жаңа оқу жылында оқушылардың дұрыс тамақтануын бақылау үшін мектеп асханаларына мониторинг жүргізуді күшейтеді. Елдің барлық өңіріндегі мектептерге барып, ас сапасын тексеру жоспарланып отыр. Мониторингтің нәтижелері жинақталып, балалардың тамақтануын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді.