Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенділері су тасқынынан Қостанай облысында зардап шеккен адамдарға көмектесіп жатыр

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдері топан су салдарынан болған ахуалға бей-жай қарап отыра алмайды. Қордың Қостанай өңіріндегі жетекшісі Амандық Әмірхамзин әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан халқын жұдырықтай жұмылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді сұрады.

«Мына биылғы қарғын судың қарқыны қатты. Қазақстанның көп бөлігі зардап шегіп жатыр. Қостанай облысы бойынша Торғай өлкесіне төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Тәуіш, Қарақоға ауылдарына су кіріп кетті. Торғай аймағының халқына, оның ішінде, шеткеріде орналасқан Жанкелдин ауданына шұғыл көмек керек. Қапшық болсын, қолғап болсын, етік, күрек, маңдайға тағатын фонарик пен басқада қажетті заттар қажет. Ақшалай есепшотқа болар, одан бұрын жаңағы айтылғандар маңызды! Осындайда бір-бірімізге көмек қолын созайық!», – деп жазды белсенді.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының басқа өңірлердегі белсенділері де осы бастаманы қолдап, жәрдем беруді жөн көрді. Түркістан облысындағы Қор өкілдігінің жетекшісі Әдемау Толысбаева әлеуметтік желілер арқылы қолдан келгенше көмек көрсету керектігін жеткізді.

«Қостанайлық Әділдік және Өркендеу қоғамдық қорының сол облыстағы жетекшісі, үлкен парасат иесі, ардақты Амандық Әмірхамзин ағамыздың шарасыз күйде елі үшін көмек қолын созуымызды сұрағанын оқып, бей-жай қала алмадық. Көмектің қандай түрі болса да, ұйымдасып, біз де елдігімізді көрсетсек деген ниеттеміз», – деді Ә.Толысбаева.

Осы орайда «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созып, бір күндік жалақысын аударуды көздеп отыр.
Фотода Қостанай облысы Жангелді ауданындағы Көкалат ауылы бейнеленген.