Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Қызылорда өңіріндегі жақтастары «Таза Қазақстан - жасыл аймақ» экоакциясына қатысты


«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Қызылорда облысындағы жақтастары жергілікті Үкіметтік емес ұйымдар альянсымен бірлесіп «Таза Қазақстан - жасыл аймақ» атты экологиялық акцияға қатысты. Шара Батырхан Шөкенов атындағы саябақта ұйымдастырылды.

Осыдан төрт жыл бұрын осы саябақта Үкіметтік емес ұйымдар аллеясы ашылып, ағаштар отырғызылды. Енді қоғам қайраткерлері жыл сайын наурыз айынан бастап осындай тазалық шараларын өткізіп келеді.

«Биыл үкіметтік емес ұйымдардың дәстүрлі шарасына Қазақстанда жаңадан құрылған «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жақтастары да қосылды. Игі іске азаматтық позициясын білдіре отырып, белсенділік танытқан қоғамдық көшбасшыларға алғысым шексіз. Барша жерлесімізді қаламыздың көркеюіне үлес қосуға шақырамын. Күшіміз бірлікте екенін ұғындыратын осындай шаралар азаматтық қоғамды біріктіретіні анық»,-деді «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Қызылорда облысындағы белсендісі Анар Ізден.

Айта кетерлігі, жақын арада «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері де «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдап, ауқымды іс-шараға қатысты. Олар туған өлкенің тазалығы мен өркендеуіне өз сүбелі үлесін қосып, қаланы қоқыстардан тазартуға және Каспий теңізінің жағалауын ретке келтіруге атсалысты.
Бұған дейін Қор өкілдері өңірлерде еріктілер, елді мекендердің қамқор тұрғындары мен белсенділері қатыса алатын ерікті жасақтар құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Отрядтардың қызметі су тасқынынан зардап шеккен аумақтарды тазартуға, сондай-ақ қираған объектілерді қалпына келтіруге көмек көрсетуге бағытталған.