Новости КАЗ

«Ақша далаға кетіп жатыр» – қор белсендісі батыс өңірдегі жолдардың сапасын тексерді

Азамат Мусилов прокуратураға БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмысына назар аударуды ұсынды. «Әділдік және Өркендеу» қорының белсендісі облыстық маңызы бар алты жолдың сапасын тексерді. Әрбір учаске үшін мемлекет мердігерлерге жүздеген миллион теңге төлеген.

"Мердігерлердің бәрі Батыс Қазақстанның ауа райына сай емес, арзан, жеңілдетілген жобаларды пайдаланған. Салдарынан енді ғана қолданысқа берілген жолдарда шұңқыр пайда болып жатыр. Келісімшартта жазылған кепілдіктің түк пайдасы жоқ. Өйткені мердігер өз жұмысындағы олқылықтарды кепілдік бойынша жойған кез мүлдем болмаған", – дейді Мусилов.

Оның айтуынша, жолдарды жөндеу жұмысын бақылауды және жобаларға қойылатын талаптарды өзгерту керек.

"Қаншама миллиондаған бюджет қаржысынан айырылдық. Прокуратура жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмысына назар аударуға тиіс деп есептеймін. Сапасыз жолдарды қабылдағандар жауапкершілікке тартылуы қажет," – дейді қордың белсендісі.

Ол мердігерлерден жұмыстың әрбір кезеңінде фото мен видео талап етуді ұсынды. Ол пайдалануға берілген учаскелердегі жол сапасын қайта тексеру қажет екенін айтады. Тұрғындар да жолдардың сапасын бақылауға атсалысуы қажет.

Азамат Мусилов – "Саналы ұлтқа – сапалы жол" жобасының жетекшісі. Ол жаз сайын өңірдегі жолдардың сапасын тексереді.


2024-08-09 11:38