Новости КАЗ

Жаңа жылдық кеңес: шампанды қалай ашу керек?

Сіз шампанды қалай дұрыс ашу керектігін білесіз бе? Павлодарда сервис және тамақтану колледжінің студенттері жаңа жылдық шеберлік сағатын өткізді. Бұл студенттер өз ісінің шебері. 2022, 2023 және 2024 жылдары әлемдік WorldSkills байқауы мен ұлттық чемпионатының жүлдегерлері атанған.

Оқу орнының оқытушылары мен студенттері «Әділдік және өркендеу» қорының өкілдерін қонаққа шақырды. Бәрін ең үздік мейрамханадағыдай жасаған. Артур Лейман – колледж түлегі, ұлттық чемпионат жеңімпазы, Францияда WorldSkills әлемдік біріншілігінде Best of Nation медальонын алған тұңғыш павлодарлық.

— Мен мұнда аспаз-контитер мамандығында оқыдым. Жарты жыл оқып, аспаз болғым келмейтінін түсіндім. Сол кезде өңірлік WorldSkills чемпионаты өтіп жатқан еді. Сырттай қарап, қызыға бастадым. Өзім бір жылдаймдайындалдым. Сосын чемпионатқа қатысып, өңірлік кезеңде жеңіске жеттім. Бұдан соң ұлттық чемпионатта да үздік атандым. Бұл маңызды мамандық деп ойлаймын. Өйткені елімізде туризмді дамыту керек. Туризм дамыса, ел де дами түседі, - деді Павлодар сервис және тамақтану колледжінің түлегі Артур Лейман.

Шампанды ашу ережесі мен әдістерін республикалық кәсіби шеберлік конкурсының жеңімпазы Санжар Зейнулла көрсетті.

— Біздің ісімізде ең бастысы денені тік ұстап, жақсы формада болу. Өйткені үнемі қолда шейкер болады, оның үстіне 8-9 сағат бойы адамдардың тапсырысын беріп отыру оңай емес. Меймандармен әңгіме-дүкен құрып, көңілін аулау да маңызды, - дейді ол.

Ал Эдуард Керкеснер болашақта аспаз-кондитер болмақ. Мақсат – WorldSkills 2025 чемпионатының жеңімпазы атану.

— Мейрамхана сервисі бағытындағы қызметті таңдаймын деп ойлаған жоқпын. Жеміс-жидекті турау, меймандарға тағам ұсынуды үйренеміз. Әрдайым оқытушылар қасымызда жүріп, көрсетіп, кеңес беріп тұрады, - дейді студент.

Шампанды қалай ашу керек?

Алдымен біраз салқындатып алу керек. Температурасы 7 - 10⁰С шамасында болуы қажет. Сусын жылы болса немесе ашпас бұрын бөтелкені шамалы шайқап жіберсе, пробкасы атып кетуі мүмкін.

Бірінші кезекте фольга мен сымын алып тастау қажет.

Бұдан соң бас бармақпен пробканы басып тұрып, мюзлені, яғни жұқа металл сымды бұрау керек. Сол кезде мюзле алынып қалады.

Бөтелкені екі қолдап 45⁰С деңгейінде болатындай ұстап тұру керек. Бөтелкенің аузын адамдар тұрған тұстан аулақ ұстап, бос кеңістікке бағыттау қажет.

Пробканы сағат тіліне қарсы, ал бөтелкені сағат тілінің бойымен бұрау керек. Этикет бойынша шампан ашылған кезде дыбыс мейлінше ақырын шығуға тиіс.

Ашқан соң бөтелкені сүртіп, бокалдарға құя беруге болады.

2025 жылы жақсылықтар жалғасын тапсын! Үй ішіңіз қуанышқа толып, еңбегіңіз жана берсін!

Жаңа жылыңызбен!