Новости КАЗ

Еңбек адамының құқығы мен қауіпсіздігі басты назарда

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы өкілдігі аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен өзара ынтымақтастық туралы келісімге келіп, меморандумға қол қойды

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Эльенора Ағабекқызы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевпен кездесті.

Кездесуде кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмысы, еңбек адамдарының құқығын қорғаудағы өзекті мәселелер талқыланды. Ел Президентінің жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында шымкенттік кәсіпорындарда, мекеме-ұйымдарда Еңбек кодексінің ережелерін түсіндіру керектігіні де айтылды. Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам мекемеде кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Жалпы, аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне 60 мыңнан астам еңбеккерлер мүше.

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы өкілдік жетекшісі мен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы өзара ынтымақтасу, серіктесе жұмыс істеу мақсатында меморандумға қол қойды.

Тараптар түрлі саладағы жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша бірлесе әрекет етуге келісті. Қор мен кәсіподақ қоғам пікірін зерттеп, билік органдарын құлағдар етіп, мәселені шешу жолдарын ұсынатын болады. Мақсат пен мүдде ортақ – қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру, құқығын қорғау.