«Саналы ұлтқа – сапалы жол»: жобамыз Жетісу өңірінде жалғасын тапты
«Саналы ұлтқа – сапалы жол»: жобамыз Жетісу өңірінде жалғасын тапты
Жарты жылға жуық уақыт бойы Батыс Қазақстандағы жолдардың жай-күйіне мониторинг жүргізген қор өкілдері бұл бастаманы Жетісу облысында жалғастырды.
«Әділдік және Өркендеу» қорының белсенділері қалалық қоғамдық палата мүшесі Александр Савельевпен бірлесіп Текелі қаласындағы жолдардың сапасын тексеріп шықты.
Александр Савельевтің пікірінше, құрылыс сапасын бақылау ісіне қоғамның белсенді араласуы өте маңызды. Ол жол сапасына ғана емес, инженерлік желі жүргізу, қоғамдық нысандар мен тұрғын үй құрылысына да мониторинг жасау керек деп санайды.
Өз қаласында бірнеше құрылыс нысанындағы жұмыс барысын бақылаған қоғам белсендісі «Әділдік және өркендеу» қорымен бірлескен мониторингтің нәтижелі болғанын атап өтті.
Кәріз жүйесін салу кезінде сол көшенің тұрғындары жұмыстың әр кезеңін жіті қадағалады. Осылай орындаушылардың жұмысына халық тікелей араласқан кезде жұмыс сапасы айтарлықтай жоғары болды, – дейді Александр Савельев.
Қалалық қоғамдық палата мүшесі желілер мен коммуникацияларды салу кезінде жобаның алғашқы кезеңінен бастап тұрғындардың пікірін ескеру қажеттігін алға тартты.
Мен жобаның бастапқы талқылау сатысында халықтың пікірін толыққанды ескеріп, оны жобалық тапсырмаларға енгізу керек деп есептеймін. Өйткені күн сайын осы жолмен жүріп, желілерді пайдаланатын халық, – дейді Савельев.
«Саналы ұлтқа – сапалы жол» – «Әділдік және Өркендеу» қорының басты жобаларының бірі. Ол 2024 жылдың жазында Батыс Қазақстанда бастау алды. Аймақ бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі жүздеген шақырым жол тексеріліп, көптеген олқылық анықталды. Осы тексерістердің қорытындысы Көлік министрлігі мен прокуратураға жолданды.