Қор ұстанымы: Еңбек қауіпсіздігі мәселелері кешенді түрде шешілуі тиіс
Шахталарды газсыздандырудан бастап инженерлік мамандықтарға гранттарды ұлғайтуға дейін. Астанада «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры ұйымдастырған Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы қауіпсіздік техникасы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар кең ауқымды мәселелерді талқылады. Оның басты мақсаты - қауіпсіздік мәселесіне назар аудару ғана емес, сонымен қатар жағдайды қоғамдық бағалау, өткір мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу, нақты практикалық шешімдерді іздестіруге көмектесу. Дөңгелек үстелге барлық мүдделі тарап шақырылды.
Марат Хасенов, Өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметтері қауымдастығының президенті: «Былтырлары ғылым жүйесі деградацияға ұшырағанын түсініп отырмын. Мұны мойындау керек. Содан кейін ғылыми ұйымдарды жекешелендіру жүйесі енгізілді. Біз кәсіби кадрларды, бұл мәселеге қатысты мемлекеттік көзқарасты жоғалттық. Бірақ қазір қауіп-қатердің сандық көрсеткішін анықтау қажеттілігі туындап отыр. Бұл жақсы шешім болады. Менің ойымша, әрқашан сан мен көрсеткіш болуы керек. Сақтандыру мәселесін қарастыруды да ұсынамын. Қазір жұмысшылар сақтандырылған. Бірақ оның мөлшері объектінің қауіптілік деңгейіне байланысты өзгеруі керек. Дифференциацияның өзгеруі бір жарым - екі есе емес, бес, он есе болуы керек. Мен өзім инспектормын, сол себепті айыппұлдармен ешкімді қорқыта алмайтынымызды түсінемін. Ұйымды тек екі нәрсемен қорқытуға болады: біріншісі - ақша, екіншісі-кәсіпорынның жабылуы».
Марат Миргаязов, «Қазуглепроф» ҚР Көмір өндірушілері салалық кәсіподағының төрағасы: «Уақыт өте келе біз шахталарды одан сайын терең қазып жатырмыз. Төменде не болып жатқанын түсінбейміз. Жақында Павлодар облысында құтқарушылар отырған автобус шахтаға түсіп кетті. Менің түсінуімше, бәрі де ғылыми негіздерді ескермей жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкер мұнда тек өз пайдасын ғана ойлап отыр. Табысын алып, қауіпсіздік туралы ойламайды».
Ахат Димбаев, Еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігі саласындағы компанияның директоры: «Еліміздегі өрт қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемалар қандай? Менің ойымша, бұл саладағы жұмыс нәтижелерін есепке алудың ресми әдістемесі 10 жыл бойы өзгерген жоқ. Сондықтан осы кезеңнің негізгі көрсеткіштерін салыстырмалы деп айтуға болады. Осы себептерге байланысты қолдағы деректер мен оқиғаларды талдау арқылы осы салада күрделі проблемалар бар екенін көріп отырмыз. Нормативтік-құқықтық базаны тым жетілдіру, қауіпсіздік саласындағы нормаларды елемеу сияқты сұрақтар бар. Мемлекеттік органдардың тексерістерді тиісті деңгейде өткізбеуі де бізді алаңдатады».
Сергей Михайлюк, «Батыр Көмір» Жергілікті кәсіподақ» ҚБ төрағасы: «Бізде кадрлар, жұмысшыларға қатысты проблемалар бар. Бүкіл елде жұмысшылардың біліктілігі сын көтермейді. Әр кәсіпорында кадр тапшылығы бар. Төтенше жағдай болған кезде біз тергеу мен сауалнама жүргізе бастаймыз, комиссия жұмысшылардан неге сіз ережені біліп тұрып осындай әрекетке бардыңыз, деп сұрайды. Олар, біз әрдайым осылай жасаймыз, деп жауап қатады. Міне, бұл -қызметкердің жауабы. Не себепті мамандар осылай істейді, бақылау қайда?».
Сонымен қатар Қоғамдық қордың сарапшы-талдаушылары өндірістердегі қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратын проблемаларға кешенді талдау жүргізді. Олар Қордың қауіпсіздік техникасы бойынша жүргізіп жатқан әлеуметтік мониторингі туралы айтып берді, сондай-ақ жиналып қалған проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.
Жәнібек Даринов, «Әділдік және өркендеу» Қорының талдаушысы: «Бейінді ғылыми бағыттар мен институттарды қолдауды арттыру қажет. Жаңа Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ғылыми көзқарастың маңызын арттырған абзал. Ғылым мен өндірістің тығыз байланысы қауіпсіз және тиімді экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Жас жұмысшылардың негізгі уәждемесі ол – жалақы. Ал оның аздығына байланысты олар өндірістегі және жалпы жұмыстағы қауіпсіздік техникасына бей-жай қарайды. Осы орайда өндірістік мамандықтарды кеңінен насихаттауға қоғам тарапынан қолдау қажет. Жастардың алдында жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру және еңбек әулеттері мен еңбек адамы институтын жаңа Қазақстанның батыры ретінде көрсету қажет».
Сонымен қатар Ж.Даринов салалық мамандар мен ғылым өкілдерін тартып, өндірістерді техникалық жабадықтау жай-күйіне қоғамдық бақылау жүргізу керектігін ерекше атап өтті.
Марина Иневатова, «Әділдік және өркендеу» ҚҚ белсендісі (Қарағанды): «Мен риторикалық сұрақтар қойғым келеді: компания басшылығы қандай қорытынды жасады? Қатемен жұмыс және жағдайды түзету қайда? Журналист болып жұмыс істеген бірнеше жыл ішінде мен АМТ - ға көптеген сауал жолдадым, бірақ төтенше жағдайлардың себептері туралы қойылған сұрақтарға нақты жауап алғаным есімде жоқ. Qarmet - тің қазіргі басшылығы ашық болып, қоғаммен қарым-қатынастың басқа стратегиясын ұстанады деп үміттенемін», - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Иневатованың пікірінше, қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту техникалық жабдықтаудың жай-күйін әділ бағалауды және қауіпсіздік стандарттарын сақтауға ықпал етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, қоғамдық бақылау мен мониторинг жұмысшылардың өмірін сақтауға көмектеседі. «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ осындай күрделі жағдайларда жұмыс істеу бойынша нақты жоспар әзірледі, жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша манифест жариялады және жаңа әріптестерді қабылдауға дайын.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділ Қазақстанды бірге құруды, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды ұсынды. Билік жұртшылықты тыңдап, халықтың айтқанын естуі керек, ал олай болмаса, бұл әрекеттер реформаларды құрудың президенттік бағытын тежеу механизміне айналады. Барлық дау мен айыптауларды сындарлы ынтымақтастыққа айналдырайық. Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне белсенділерімізді үшжақты комиссияның – Үкіметтің, жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың жұмыс отырыстарының біріне шақыруды ұсынып отырмыз. Менің ойымша, біз бұл ретте өз пайдамызды тигізе аламыз», - деді М. Иневатова.