Новости КАЗ

Берекеміз артты: қордың көмегімен жері қайтарылған қазығұрттықтар күзгі терімге кірісті

Берекеміз артты: қордың көмегімен жері қайтарылған қазығұрттықтар күзгі терімге кірісті

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылының тұрғындары биыл алғаш рет өздеріне тиесілі жерде жем-шөп орып, күзгі терімді бастады. Бұған дейін ауылдағы 16 мың гектар жер жекенің қолында болып, тұрғындар сабанға дейін сатып алуға мәжбүр болып келген.

Жылдар бойы жер дауын естіп келген осы Қазығұрт ауданының тумасы, «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының белсендісі Бекболат Қаржан биыл тұрғындардың заңды жерін қайтарып беруге күш салған еді. Аймақтың белсенді азаматтарымен қосылып атқарған жұмыстың нәтижесінде жер ауыл тұрғындарына қайтарылды.

Әкімдіктің заңсыз қаулысы күшін жойып, 16 мың гектарға жуық жер ауданның қорына қайтарылды. Қазіргі уақытта жердің барлығы халық игілігіне берілді. Бірінші жыл халық өзіне тиесілі жерге бидай, арпасын егіп, жем-шөбін тауып жатыр. Одан басқа да жекеменшікке өтіп кеткен біраз жер қайтарылды. Олар кезінде жерлерді заңсыз шешіммен ала берген, - дейді қор белсендісі Бекболат Қаржан.

Жылдар бойы жер үшін соттасып жүргенде жұмыссыз қалған жастар жан-жаққа тарап кеткен. Енді ауылға оралып, нәпақа табуға кірісті.

Қанша уақыттан бері әуре болып жүруші едік. Енді жерімізді қайтарып, ауылдың балалары жұмысты болып қалды. Бұрын сабанымызға дейін сатып алушы едік, - дейді Алтынтөбе ауылының тұрғыны Сансызбай Бақкелдиев.
2024-08-28 12:27