Оралда емхана жеткіліксіз: тіркелген адам саны тым көп
Қоғам белсенділері Батыс Қазақстан облысының еңбек ұжымдарымен кездесті. Оралдағы емханаларды да аралады. Қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі тым жоғары.
Мәселен, №5 қалалық емхана 2010 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған. 40 мың адамға арналған. Бірақ бүгінде 61 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп отыр. Бір ауысымда 500 адам келеді деп есептелген. Алайда қазір бұл сан 700-ден асады.
Ал №6 емханаға 76 мыңнан астам адам бекітілген. Бастапқыда бір ауысым 250 келушіге есептелген болса, қазір жүктеме – 1100 адам. Жергілікті билік қосымша үй-жайларды жалға алуға мәжбүр, мұның өзі мәселені толықтай шешпейтіні анық. «Әділдік және өркендеу» қорының белсенділері жаңа денсаулық сақтау нысаны салынуы қажет деп есептейді.