Қор өкілі оқушылардың жаппай улануын тергейтін комиссия құрамына енді
Маңғыстауда «Әділдік және Өркендеудің» өкілі оқушылардың жаппай улануын тергейтін комиссия құрамына енді
Балалар уланып ауруханаға түскенін ести сала қордың Маңғыстаудағы өкілдігінің қызметкері Нұрлыбек Қарабалин облыстық әкімнің орынбасары Звира Есбергеновамен және облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жетекшісі Гүлжан Ермекбаевамен кездесті.
«Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөлімшесінде 67 бала ем-дом қабылдап жатыр, тағы екеуінің жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде. Мектеп оқушыларының жаппай улануы үлкен алаңдаушылық туғызып отырғаны айтпаса да түсінікті. Арнайы құрылған штаб мүшелері жаппай уланудың нақты себебін анықтап, осы жағдайға жол берген барлық кінәліні анықтауға тиіс», - деді Нұрлыбек Қарабалин.
Еске сала кетсек, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы N8 орта мектепте 1-4 сынып оқушылары уланып, ауруханаға түскен болатын. Соңғы мәлімет бойынша, 67 бала емделіп жатыр, оның екеуі жансақтау бөлімінде, 222 бала ем қабылдауды үйде жалғастырды.
6 қыркүйекте оқушылар асханада котлет пен картоп езбесін жеген. Тамақ зерттеуге жіберілді, қорытындысы бірнеше күннен соң белгілі болады.
ҚР Қылмыстық Кодексiнің 304-бабының 1-бөлігі, яғни "абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу” бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мектеп тамағының сапасын қадағалау – «Әділдік және Өркендеу» қоры жұмысының басым бағыттарының бірі. 2024-2025 оқу жылында «Мектеп мәзірі» жобасы іске қосылды. Қор белсенділері тамақтану саласындағы мамандармен бірге мектептегі мәзірдің сапасын тексеруге кірісті. Оның қорытындысы Қазақ тағамтану академиясына беріледі. Ал академия диетологтары мектеп асханасында стандарттарды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлейді.