«Әділдік құқығы» интернет-қабылдауының көрермендері өндірісте жарақат алған жағдайда өтемақы алу жөнінде консультация алды
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының YouTube платформасындағы арнасында «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауының кезекті эфирі өтті. Оны тәуелсіз құқық қорғаушы заңгер, заң ғылымдарының магистрі, Астана қаласының Заң консультанттары палатасының заңгері Аржан Сәдуақас жүргізді. Сарапшы өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде жарақат алған азаматтарға өтемақы төлеу тақырыбында әңгіме өрбітті.
Сұрақ: Жолдасымның денсаулығы жұмыс барысында күрт нашарлап, ол жұмысқа жарамсыз болып қалды. Бірақ жұмыс беруші бұл фактіні кәсіпорындағы жұмыспен байланыстырмай отыр. Өзіне жауапкершілік алмай, өтемақы төлеуден бас тартты. Осындай жағдайда не істеуге болады?
«Мұндай кезде еңбек инспекциясына барып, шағымдану қажет. Егер еңбек инспекциясы берген қорытындыға қанағаттанбасаңыз, сотқа жүгінесіз. Сотта жарақатты жұмыс орнында алғанын дәлелдейсіз. Егер дәлел болмаса, өтемақы төленбейді»,-деп жауап берді заңгер.
Сұрақ: Кәсіпорында химиялық заттардан уланған кезде, шипажайда тегін ем алуға бола ма?
«Заңнамада жұмысшы уланғанда, оны міндетті түрде шипажайға жіберу туралы норма қарастырылмаған. Бірақ жұмыс беруші оған өтемақы төлеуге тиіс. Қаражатты алғаннан кейін, қызметкер оны қалай жұмсайтынын өзі біледі. Жергілікті шипажайларға немесе шетелге барып ем қабылдауға болады», – деді спикер.
Сондай-ақ интернет-қабылдау барысында сақтандыру полисін рәсімдемеген кәсіпкерлерге тағылатын айыппұл көлемі туралы сұрақ келіп түсті.
«Айыппұлдың көлемі әртүрлі. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 230- бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіштен 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл тағылуы мүмкін. Бұл сома кәсіпкерліктің түріне қарай анықталады», – деп жауап берді сарапшы.
Естеріңізге салайық, «Әділдік құқығы» жобасы қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Трансляция қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электронды мекенжайға сұрақ жіберіп, заңгерлік кеңес алуына мүмкіндігі бар. «Әділдік құқығы» жобасының алаңында әрбір адам өзінің құқығын қорғауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады.