Новости КАЗ

Су тасқынынан зардап шеккендер қандай қосымша көмек ала алады? Заңгер «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауының эфирінде түсініктеме берді

Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға бірреттік жәрдемақымен қатар көмектің басқа түрлері де көрсетіледі. Заңгер, «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Астанадағы өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ахатова тікелей эфирде осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітті.

Мәселен, 1-мамырдан бастап «Жәрдем» атты медициналық пойызы жолға шығады. Кәсіби дәрігерлер зардап шеккен өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетпек.

«16 сауықтыру орталығында 10-14 күнге дейін денсаулықты тегін түзеуге мүмкіндік беріледі. Әлеуметтік осал топтарға арналған 7 шипажайда орындар дайындалып жатыр»,-деп хабарлады Л.Ахатова.

Әуе компаниялары да зардап шеккендерге өз қолдауын ұсынып жатыр. Мысалы, «Air Astana» компаниясы 21-сәуірге дейін жоспарланған Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларына кері бағытта ұшатын рейс билеттерінің құнын қайтарады. Билетті сатып алған жерге барып, 15-мамырға дейін қайта рәсімдеуге болады. «Fly Arystan» компаниясы да тура сондай қызметтерді ұсынып отыр.

«Су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар кәсіпкерлік нысандар да жарамсыз болып қалды. Осы орайда «Атамекен» ҰКП 1432 жедел желісі іске қосылды. Бизнес өкілдері жарамсыз болып қалған кәсіптік нысандарына өтемақы алу үшін осы желіге хабарласып, сол арқылы әрекет ете алады», - деді сарапшы.

Айта кетерлігі, банкте несиесі бар азаматтардың қарыздары 1-сәуірден бастап 30-маусымға дейін, яғни 3 ай мерзімге автоматты түрде шегеріледі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға барып немесе банктің мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Салықтық төлемдер де шегеріледі.

«Әділдік құқығы» жобасы азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Трансляция қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Алаңда әрбір адам өзінің құқығын қорғауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Мұнымен қоса, азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электронды мекенжайға сұрақ жіберіп, заңгерлік кеңес алуға мүмкіндік бар.