Арнайы киім де, қорғаныс құралы да жоқ: қор комиссиясы өңірдегі мекемеде еңбек нормалары бұзылғанын анықтады
«Жітіқаракоммунэнерго» тұтас қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін жауапты мекеме. Алайда, мұнда жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасалмаған. Коммуналдық мекеме жұмысшыларының жеке қорғаныс құралдары түгілі, арнайы киімі де жоқ болып шықты. Бұл жайында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жанынан құрылған еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссия мүшелерімен болған кездесуде айтылды.
Кәсіпорындағы мұндай еңбек жағдайымен басшылық та келіседі. Алайда, амал жоқ, себебі мекеме қарызға батқан. Әр жылды 250 млн теңге шығынмен жабатын мекеменің қарызы 1 млрд теңгеге жетіп қалған.
«Біз шамамыз жеткенше қаланың тіршілігін қамтамасыз етіп отырмыз, алайда ресурсымыз жетпейді», - дейді кәсіпорын директоры Олег Зайцев.
Қордың еңбекті қорғау жөніндегі комиссия мүшелері ұжыммен бірге кәсіпорынды бұл тығырықтан шығаратын тәсілдерді талқылады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тарифті көтеру керек. Сонда ғана кәсіпорынды ұстап қалуға, төмен жалақыны көтеруге және еңбек жағдайына назар аударуға мүмкіндік туады. Бірақ, тариф бағасының өсуі 35 мың халқы бар моноқаланың әлеуметтік жағдайына әсер етпей қоймайды. Осылайша, қаладағы жалғыз коммуналдық кәсіпорын әрі-сәрі күй кешіп отыр. Кәсіпорын ұжымы мемлекеттің қолдауынан үмітті.
Кездесу қорытындысы бойынша қор еңбек жағдайын жақсарту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру үшін кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасасуды ұсынды. Жұмысшылар бұл бастаманы қолдады.