«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері елдің барлық азаматтарына үндеу - Манифест қабылдады. Бұл ұйымның басты, негізгі құжаттарының бірі. Манифест мәтіні Қоғамдық қордың барлық белсенділерімен бірігіп әзірленді. Құжат бойынша жұмыс бірнеше айға созылып, үш оқылым өтті. Құжаттың алғашқы жобасы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген өкілдермен пысықталып, нәтижесінде 250-ге жуық ұсыныс пен түзету енгізілді. Олардың барлығы ескеріліп, қорытынды құжатқа енгізілді.

Белсенділер Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды Қордың жұмысына қатысып, құжатқа қол қоюға шақырады. Осылайша, қуатты әрі әділ Қазақстанды бірлесіп құруға үндейді».
Құрметті достар!

Біз - «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорын құру бастамашыларымыз. Біздің қатарымызда - өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, құрылысшылар, ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әр өңірдің, қалалар мен ауылдардың тұрғындары бар. Бізді – әділетті әрі бақуатты қоғам құруға деген ортақ мақсат біріктіреді. Әділетті қоғам әрбір азаматқа адал еңбегімен табыс тауып, ұрпақ өсіріп, болашаққа алаңсыз қарауына мүмкіндік береді.

Әділдік біз үшін – даму мен өркендеудің іргетасы. Бұл жалаң сөз емес. Бұл ең алдымен біз ұстанатын, ілгерілететін және қоғамдық санаға сіңіретін нақты қағидалар. Олар:

1. ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ. Біз еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуді, жұмыскердің қабілеті мен ортақ іске қосқан үлесіне сай еңбекақы төлеуді, жұмысқа қолайлы жағдай жасауды, жұмыс орынында қауіпсіздікке кепілдік беруді қолдаймыз. Еңбек адамы – ел өркендеуінің негізі және олардың құқығы қатаң қорғалуы қажет.
2. ТАБЫСТЫҢ БӨЛІНУІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІК. Біз әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беретін кепілдікті қолдаймыз. Тапқан табысында теңдіктің болмауы кедейлікке, жұмыссыздыққа және қылмысқа жетелейді.
3. ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕҢДІК. Кез келген азаматтың міндеттері мен құқықтары әлеуметтік дәрежесі мен материалдық жағдайына қарамастан заң алдында бірдей сақталуы керек. Тек әділетті қоғамда ғана әрбір азамат мемлекеттік билік органдары, сот және құқық қорғау органдары оның құқығын қорғап шығарына сенімді бола алады.
4. БАРЛЫҚ АЗАМАТҚА ТЕҢ МҮМКІНДІК. Әрбір азаматтың білім алуына, жұмысқа орналасуына, медициналық қызметке жүгінуіне және өз қабілетін сынап көруіне тең мүмкіндік жасалуы керек. Бірдей мүмкіндік – әділетті және тең дәрежедегі қоғам құруға мүмкіндік тудырады.
5. ӘР АЗАМАТТЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІН ҚҰРМЕТТЕУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ. Әділетті қоғам әрбір азаматтың қадір-қасиетін мойындау, өзара құрмет пен ынтымаққа негізделуі тиіс. Ол қоғамда ешкімді кемсітуге немесе біреудің азаматтық және қоғамдық құқығына қол сұғуға жол жоқ.
6. АЗАМАТТАРДЫҢ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУҒА ЫҚПАЛЫ. Біз «еститін мемлекет» ұстанымының өте маңызды екенін ерекше атап өтеміз. Әрбір азаматтың құқығын ескеретін әділетті қоғам құру үшін билік ашық болуы керек, халықтың мұң-мұқтажын естіп, біліп отыруы керек. Біз мемлекеттік органдардың экономикалық, басқару ісі, әлеуметтік салаға және экологияға қатысты шешімдеріне азаматтар ықпал ете алатын түрлі тетіктерді дамытамыз. Біз азаматтарымыздың денсаулығы үшін қоршаған ортаның ластануын төмендететін бастамаларды қолдаймыз.

***

Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстанды» құру үшін, іргелі реформалар жүріп жатыр. Біздің жолымыз осы. Біз - кедейлікпен, қымбатшылықпен күресіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарифтерін көтермеуді, зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіп, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашуды және мұқтаж жандарды әлеуметтік тұрғыда қорғау бағытындағы реформаларды қолдаймыз. Бұл қадам - қала мен ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын, білім дәрежесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашатыны анық.

Екі жылда талай іс атқарылды. Алға ұмтылу бар, бірақ біз әлі де шешілмеген көптеген мәселелерді көріп отырмыз. Реформалар аймақтарда бәсең жүріп жатыр, өзгерістерге әртүрлі деңгейде кедергілер бар, тіпті кей жерлерде ашық қарсылық аңғарылады.

Президент бастамаларын толық іске асыру үшін тұтас қоғам мен елдің барлық азаматтарының ауқымды қолдауы керек.

Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында, мемлекеттің өркендеуіне өз үлесін қосуға ынталы, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдардың басын біріктіретін «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорын құрдық.

Біз – еңбек қауіпсіздігі мен әділетті жалақы тағайындау жолында еңбек адамының құқығын қорғауды қолдаймыз!
Біз – байлар мен кедей жұрттың арасындағы алшақ жікті қысқартуды, табысы аз азаматтар мен отбасыларды әлеуметтік қолдауды және әлеуметтік кепілдік беруді қолдаймыз.
Біз – Конституцияға сәйкес жер жəне басқа да табиғи ресурстардың халыққа әділ бөлінуін қолдаймыз.
Біз - олигархтардың шетелге шығарған капиталын елге қайтарып, ұлттық байлықтың әділ бөлінуін қолдаймыз.
Біз - қала мен ауылда бірдей білім сапасын арттыруды, денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің қолжетімді болғанын қолдаймыз.
Біз – жастарға жаңа мүмкіндіктер жасап, өмірден өз орнын табуына ат салысамыз. Ауыл жастарына мемлекеттік қолдау керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу, спорт кешендерін салу, баспанамен қамту, тұтас алғанда ауылда өмір сүру сапасын арттыруды қолдаймыз.
Біз – сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалауды қолдаймыз. Бұл салада олигархтар мен қалталылардың мүддесін емес, қарапайым азаматтар мен ұлттық мүддеге қызмет ететін адал, жемқорлықтан қолы таза кадрлар болуы керек.
Біз – қоғамды рухани әрі мәдени тоқырауға ұрындыратын мәселелерді бірге талқылап, шешуді қолдаймыз.

Бұл қадамдардың барлығы – Қазақстанның өркендеуі мен әділетті қоғам құру үшін аса маңызды.
Біз осы ұлттық мүдделерді және адами қатынасты қолдайтын азаматтарды біздің қозғалысымызға қосылуға шақырамыз. Біз қуатты, әділетті Қазақстан үшін бірге қызмет етіп, жасампаздыққа бастаймыз.

Біздің құндылықтарымыз – қарапайым да түсінікті. Ең бастысы:
Мемлекет пен ұлт мүддесі. Адал еңбек. Әділдік. Өркендеу.

ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!
ӘДІЛДІК ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕУ ҮШІН!
ҚАЗАҚСТАН ҮШІН!

Қазақстанның барлық белсенді азаматтарын осы Манифестке қосылуға шақырамыз, онлайн қол қою.

Ел азаматтарына
ҮНДЕУ

© 2024 «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ
Байланыс
Қоғамдық қабылдау:
+7 775 293 97 83, Астана
+7 707 323 74 70, Алматы
+7 707 516 90 68, Ақтөбе облысы
+7 702 951 28 28, Түркістан облысы
+7 747 849 26 47, Шымкент
Мәзір
Біздің әлеуметтік желілер