Қор Еңбек күніне орай жарияланған байқау жеңімпаздарын анықтады
Қор Еңбек күніне орай жарияланған байқау жеңімпаздарын анықтады
«Әділдік және өркендеу» қоры жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күні қарсаңында жұмысшы мамандық иелері арасында байқау жариялаған болатын. Қатысушылар бейнероликте өзінің күнделікті кәсібі жайлы айтып, жұмыс орнын көрсетті.
Байқауға елдің түкпір-түкпірінен видео келіп түсті. Астана, Алматы, Тараз, Лисаковск қалалары мен Жамбыл облысындағы Байзақ, Маңғыстаудағы Атамекен, Ақмола облысындағы Жақсы ауылынан барлығы 50 ролик келді. Ең алғашқы қатысушылар – алматылық коммуналдық компанияның қызметкерлері. Жастармен қатар бар ғұмырын сүйікті ісіне арнаған ардагерлер қатысып, бақ сынап көрді. Қатысушылар арасында өз ісін дөңгелетіп отырған тігінші, 35 жыл бойы автобус тізгініндегі жүргізуші, слесарь, монтаждаушы, дәнекерлеуші де бар.
– Жеңімпаздарды анықтаған кезде қатысушы өз ісіне деген сүйіспеншілігін шағын видеохикая арқылы қалай жеткізгеніне мән бердік. Жұмысшы мамандық иелері сөздің емес, істің адамы екенін білеміз. Сондықтан осындай байқау жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттырып, жұмысшы мамандық иелерінің ісі маңызды екенін ел-жұртқа көрсетуді мақсат еттік», – деді қазылар алқасының мүшесі, қордың баспасөз хатшысы Гүлжан Марқабаева. Қатысушылардың жұмыстарын қордың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық комиссиясының мүшелері бағалады. Бұл комиссия құрамына кеншілер, құтқарушылар мен металлургтер енген.
Бірінші орынға тараздық қатысушы Қуанышбек Әбдуалиев ие болды. Ол 15 жыл бойы бір зауытта еңбектеніп жүр. Бас жүлдеге – робот-шаңсорғыш.
Екінші орын иегері – дәнекерлеуші Төрекелді Тұрмағанбет. Байзақ ауылының тұрғыны смарт-сағат жеңіп алды.
Үшінші орынды астаналық слесарь Григорий Кезик иеленді. 20 жылдық тәжірибесі бар қатысушыға ақылды колонка сыйға тартамыз.
Барлық қатысушыға алғыс айтамыз! Әрқайсыңыз марапатқа лайықсыз! Адал еңбегіңіз үшін, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргеніңіз үшін Қорымыздың атынан термос сыйлаймыз. Жұмыс істеп жүргенде шайыңыз суып қалмасын, біздің сізге деген ықыласымыздай әрдайым ыстық болып қала берсін.