Новости КАЗ

Мектептегі тамақтану бағдарламасына инвестициялау: әлемдік тәжірибе

Мектептегі тамақтану бағдарламасына салынған инвестиция — балалардың денсаулығын түзеп қана қоймай, сонымен қатар кедейлікпен күресудің де тиімді құралына айнала алады. Мұны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Үндістан мен Ұлыбританияда табысы төмен отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бастамалар нақты нәтижесін көрсетеді.

Үндістан: 100 мың балаға арналған ас үй
Осы жылдың 16 маусымында Үндістанның Ассам штатында күніне 100 000-нан астам оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ететін орталықтандырылған жаңа ас үйдің құрылысы басталатыны жарияланды. Бұл нысан мемлекеттік мектептердегі балалардың тамақтануын жақсартуға бағытталған PM POSHAN ұлттық бағдарламасы (бұрынғы Mid-Day Meal Scheme) аясында салынады.
Құны шамамен 3,5 миллион АҚШ долларына бағаланған жобаны жеке серіктестер мен қайырымдылық ұйымдары бірлесіп қаржыландырады. Нысанды 2026 жылдың қыркүйегіне дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бағдарлама ауылдық және шалғай аудандардағы бастауыш және орта мектептердің оқушыларын қамтымақ.

Ұлыбритания: тамақ арқылы отбасыларға қолдау
Ал, 12 маусымда Шотландия билігі Universal Credit жәрдемақысын алатын отбасылардың балаларына арналған тегін мектеп тамағына қолжетімділікті кеңейтетінін мәлімдеді. Келер жылдан бастап бұл бағдарлама Англия бойынша қосымша 500 000 баланы қамтиды. Британ үкіметінің бағалауынша, бұл шара 100 000 баланы кедейлік шегінен шығаруға сеп болады, ал әр отбасы мектеп тамағының есебінен жылына 500 фунт стерлингке дейін үнемдейді.
Осылайша мектептегі тамақтану баланың денсаулығы мен дамуы үшін ғана маңызды емес, ол экономикалық тұрақсыздық жағдайында әлеуметтік қолдаудың тиімді құралына айналып отыр.

Қазақстандық қалып: тұрақтылыққа бағыт
«Әділдік және өркендеу» қоры халықаралық тәжірибені мектептегі тамақтану саласындағы отандық бастамаларды жетілдірудің үлгісі ретінде қарастырады. Қор мына бағыттар бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді:

* тағамның калориялығы мен теңгерімділігіне бақылау жасау,
* санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету,
* сатып алулар мен қызмет көрсетушілерді таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету,
* ата-аналар мен азаматтық қоғам өкілдерін қоғамдық бақылауға тарту.

Мектептегі тамақтану енді тек қызмет түрі емес, денсаулық, білім мен әділеттілікке негізделген кешенді әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігіне айналуда.