Новости КАЗ

Қордың Ақмола облысындағы белсенділері «Жастар - ұлт болашағы» семинарына қатысты

Қордың Ақмола облысындағы белсенділері «Жастар - ұлт болашағы» семинарына қатысты
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» «Әкелер Одағы» РҚБ Ақмола облысындағы филиалымен бірлесіп, «Жастар – ұлт болашағы» атты семинар өткізді. Іс-шараға «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері Ерлан Закирьянов пен Бегзан Алмасбег қатысты.

Жыл сайын 16 - маусымда аталып өтетін Халықаралық Әкелер күні қарсаңында семинарға қатысушылар ерлердің бала тәрбиесіне қосатын үлесі жайында сөз қозғады. «Бір әке жүз мұғалімнен артық», - дейді халық даналығы. Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, әкенің еңбегі ұлдардың еркектік мінез-құлық моделін қалыптастырады, қыздың өмірінде де әке маңызды рөл атқарады. Ерлер балаларының тұтас әрі батыл тұлға болып өсуіне ықпал етеді.

Семинар барысында «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсендісі, «Әкелер Одағы» РҚБ Көкшетау қаласындағы филиалының төрағасы Бегзан Алмасбег қатысушылар үшін арнайы тренинг өткізді.
Коуч Әсел Шәкірова жас қазақстандықтардың гаджеттерге деген құштарлығының оң және теріс жақтары туралы баяндады.

Іс-шараға «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсендісі, «Әкелер Одағының» Ақмола облысындағы өкілдігінің төрағасы Ерлан Закирьянов, Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Байжұманова, Ақмола облысының «Сенімен болашақ» РҚБ филиалының басшысы Айгүл Нұрмағанбетова және азаматтық қоғамның басқа да өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры бүкіл ел бойынша белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтарды біріктіреді. Қор өкілдері мемлекеттің өміріне барынша белсенді қатысады, олар тең құқықтар үшін күреседі және еңбек адамының мүдделерін қорғайды, әділ қоғам құрып, Қазақстанның өркендеуіне ұмтылады.

Қоғамдық ұйым қызметінің басым бағыттары барлық қазақстандыққа арналған Манифест –үндеуде көрсетілген.