Новости КАЗ

99 жастағы соғыс ардагері «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ жақтастарының қатарына қосылды

Қостанай қаласының тұрғыны Қасымхан Алдабергеновтың есімі көзіқарақты оқырманға етене таныс. Ол 1943 жылы 17 жасында әскерге алынды. Бірнеше рет қан майданға кіріп, 7 жыл Кеңес қатарында борышын өтеді. 1950 жылы елге оралып, ақпарат саласында қызмет етті. Қолына қалам мен домбыраны қатар алып, жыршылық өнерді насихаттады. 6 рет республикалық айтысқа қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Ғасыр жасаған ақсақал әлі тың. Қоғамды өзекті мәселелерге өз пікірін білдіріп, мақала жазып отыратын қарт қаламгер Қазақстанның құрметті журналисі атанды.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ басты құжаты - Манифест-үндеумен танысып шыққан ардагер Қордың бастамасын қуана қуаттады.

«Конституция – еліміздің басты құжаты, ол ханға да, қараға да бір! Сол үшін Заң алдындағы теңдік бірінші орында тұруы тиіс. «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Манифест-үндеуінде де адам құқығын қорғауға басымдық беріліп отыр. Азаматтардың міндеттері мен құқықтары әлеуметтік дәрежесі мен материалдық жағдайына қарамастан заң алдында бірдей сақталуы керек. Сол себепті Қордың жұмысын толық қолдаймын», – деді ардагер.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды біріктіреді. Қордың жақтастары мемлекет өміріне барынша белсене қатысады, олар тең құқықтар үшін күресіп, еңбек адамдарының мүдделерін қорғайды, әділ қоғам құрып, Қазақстанның өркендеуіне ұмтылады.

Қоғамдық ұйым қызметінің басым бағыттары Манифест – үндеуде қамтылған. Қордың құндылықтарын қолдайтын кез келген адам құжатқа онлайн қол қою арқылы оның жақтастарының қатарына қосылуына мүмкіндік бар.