Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» мен «Аманат» кәсіподақтар қауымдастығы өзара ынтымақтаста жұмыс істеуге келісті

Астанада Қор директоры Дана Рысмұхамедова мен «Аманат» бірлестігінің төрағасы Андрей Пригорь меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – әлеуметтік әріптестікті дамыту, жұмысшылардың өмір сапасын жақсартып, құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ тараптар еңбек жағдайын жақсартып, кәсіпорындарда техника қауіпсіздігінің сақталуына мониторинг жүргізуге келісті.

«Қорымыз кәсіподақтармен әріптестікті кеңейтіп жатыр. Бұл меморандум серіктестігімізді әлде де дамыта түсуге жол ашады. Жұмысшылардың құқығын қорғап, құқықтық сауатын бірлесе арттыру әлдеқайда тиімдірек болады», - деді Дана Рысмұхамедова.

Андрей Пригорьдің айтуынша, Қормен серіктестік орнату еңбек ұжымдарының мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндік ашады.

«Ұжымдарда еңбек құқығы жиі бұзылады. Шарт жасаспай жұмысқа қабылдау, жұмыстан заңсыз шығару, еңбекақыны кешіктіріп төлеу, тіпті төлемеу жайттары да кездеседі. Тұрғындар «Әділдік және өркендеу» қорының қоғамдық қабылдауларына жүгінеді. Қор осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Сондықтан өзара әріптестік, ең алдымен, кәсіподақтар үшін қажет деп ойлаймын», - деді ол.

Меморандум аясында бірқатар іс-шара қолға алынады. Еңбек құқығына қатысты тренинг, семинарлар өткізу, кәсіпорындардағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайын тексеретін мониторинг топтарын құру, жұмыскерлерге тегін құқықтық көмек көрсету.

«Әділдік және өркендеу» жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау миссиясы аясында кәсіподақ бірлестіктерімен әріптестікті кеңейтіп жатыр. Бұған дейін «Казуглепроф» кәсіподағымен меморандумға қол қойылған болатын.