Новости КАЗ

Қауіпсіз өндіріс: Қор кәсіподақтар мен үкіметті күш біріктіруге шақырады

«Әділдік және өркендеу» қорының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясының мүшесі, «Казуглепроф» кәсіподағының жетекшісі Марат Миргаязов өндірісте жазатайым жағдайларды болдырмау үшін күш біріктіру қажет деп отыр. Жұмысшылардың денсаулығы мен өмірін сақтап қаламыз десек, кәсіподақтар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіс, дейді ол.

– Кәсіподақтардың беделіне ешкім нұқсан келтірмейді. Жұмыс бәріне де жетеді. Өйткені қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мәселе жетерлік. Кәсіподақ, қоғамдық қор мен мемлекеттік еңбек инспекциясы болып әріптестік орнатуымыз қажет. Қауіпсіздікті сақтамайтын кәсіпорын жұмыс істемеуі керек, – деді Марат Миргаязов Астанада өткен «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мен мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдерінің кездесуінде.

Қордың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы Қостанай және Ақтөбе облыстарының бірқатар кәсіпорнына барып қайтқан болатын. Анықталған олқылықтар жайлы ақпарат мемлекеттік инпекторларға тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, былтыр елде өндірістік жарақаттардың саны күрт артқан. 2022 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.

Биыл бұл көрсеткіш әлі де артып жатыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясы 8 айдың ішінде кәсіпорындарда 900 жұмысшы зардап шеккенін хабарлады. 117‑сі қайтыс болды.