«Әділдік және өркендеу» мен Тағамтану академиясы мектептегі тамақ сапасын бірге тексереді
Мектеп мәзірі: Қор жобасына Қазақ Тағамтану академиясы да қосылуға ниетті
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мектептегі тамақ сапасын тексеруге арналған «Мектеп мәзірі» жобасына Қазақ Тағамтану академиясы да қосылуға ниетті. Бұл жайында тараптардың Алматыда өткен кездесуінде мәлім болды.
Жаңа оқу жылында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры оқушылардың дұрыс тамақтануын бақылау үшін мектеп асханаларына мониторинг жүргізуді күшейтеді. Жоба жетекшісі, қор белсендісі Әсет Оңалбаев жаңа оқу жылы аяқталғанша елдің барлық өңіріндегі мектептерге барып, мектеп мәзіріндегі ас сапасын тексеруді жоспарлап отыр.
Бұл тексерістердің қорытындысы Қазақ Тағамтану академиясы үшін де аса маңызды. Оның негізінде академия ғалымдары мектеп тамағының жаңа мәзірін әзірлеуге ниетті.
«Менің ойымша, бұл жұмыс өте жақсы нәтиже береді. Біз қандай өзгеріс енгізуге болатынын бірге ойластырамыз. Қоғамдық ұйымдар қазір өте белсенді, халық та белсенді. Сондықтан бірлесе жұмыс істеу, балаларымыздың өміріне, жалпы қоғам өміріне бірлесіп атсалысу тиімді бола түседі», - дейді «Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы» ҚБ маманы Вероника Уливанова.
Осы жоба аясында Қор мен Академия ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайындалып жатыр. Белсенділер елорда, облыс және республикалық маңызы бар қалалардағы мектеп асханаларын ескертпей тексеруді жоспарлап отыр. Алайда, Әсет Оңалбаев кесе-көлденең келер кедергілердің көптігін айтады.
«Мектепке кіргізбейді. Ата-аналарды кіргізбейді. Бракеражды комиссия дейміз, бізді соның құрамы қызықтырады. Мысалы ауданда облыс басшысы, білім бөлімінің жетекшісі, орынбасарлары, депутаттар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының адамдары, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын өзге де ұйымдардың өкілдері көп, ал ата-ана мен қоғам белсенділері саусақпен санарлық»,- дейді қор белсендісі Әсет Оңалбаев.
Қазақстанда тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны биыл 1,7 млн. Қор белсенділері жүргізген мониторингтің нәтижелері жинақталып, оның негізінде мектеп оқушыларының тамақтануын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді.