Новости КАЗ

Қор сарапшысы: Тұрғындар жол азабын тартып жүргенде, мердігерлер жауапкершіліктен жалтарып жүр

Батыс Қазақстандағы жолдың жағдайы «Әділдік және өркендеу» қоры ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. 10 жылдан астам уақыт бойы жол мәселесін көтеріп жүрген қор белсендісі, «Саналы ұлтқа - сапалы жол» жобасының жетекшісі Азамат Мусилов мыңдаған шақырымды тексерген. Анықталған жайттар көңіл көншітпейді, деді ол өз баяндамасында.

«Сапасыз жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп кетеді, бірақ сол үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Мысалы облыстық маңызы бар Тасқала-Аққурай, Барбастау-Индер, Жаңақала-Бисен жолдарының жобаларына қатысты біраз сұрақ туындайды. Мердігерлер жұмысты уақытында жүргізбейді, ақыр соңында қарапайым тұрғындар жол азабын тартады», - дейді Мусилов.

Ол жолды жөндеу жұмысын жобалаудан бұрын алдымен жолдың техникалық сараптамасын тиісті деңгейде жүргізу керектігін айтады.

«Мысалы республикалық маңызы бар Чапаев-Қазталов-Өнеге-Жәнібек пен Чапаев-Казталов-Өнеге-Бисен-Сайхын жолы, сондай-ақ республикалық маңызы бар Подстепное-Теректі-Бөрлі-РФ шекарасы жолы алдын ала зерттеліп, зерделенбеген. Сондықтан құмның қажетті көлемі дұрыс есептелмеген. Салдарынан мердігер жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болып, жоба қайта қаралды. Мемлекет қосымша шығынға батты», - дейді қор сарапшысы.

Айтуынша, құрылысқа қолданылатын қиыршық тас, битум сынды материалдардың сапасы да төмен. Жолды салу мен жөндеуге қолданылып жатқан материалдардың қайдан келгенін айтып, сапасын сараптап беретін бір де бір мекеме жоқ. Қор сарапшысы бұл ретте нақты ұсынымдар әзірленіп жатқанын хабарлады.

Естеріңізге сала өтейік, біздің қор жол сапасына қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізіп жатыр, мына сілтеме арқылы өтіп, сұрақтарға жауап бере аласыз.
2024-11-05 16:28