Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры Шымкент тұрғындарына тегін заңгерлік көмек көрсетті

«Әділдік және өркендеу» ҚҚ Шымкент қаласындағы қоғамдық қабылдауында қордың ел азаматтарын құқықтық қолдау жөніндегі бастамасы аясында тұрғындардың заңгермен алғашқы кездесуі өтті.

Білікті заңгер, қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Ербол Қожабековпен кездесу барысында медициналық қызметтердің сапасы мен баспана қолжетімділігі Шымкент тұрғындары үшін түйткілді мәселе екені белгілі болды.

20-дан астам адам тегін заңгерлік көмек алу үшін қоғамдық қабылдау орталығына келді. Маман оларды тыңдап, тегін кәсіби кеңес берді.
Мәселен, 2007- жылы әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын 100-ге жуық шымкенттік мемлекет тарапынан сатып алу құқығымен баспананы жалға алған. Алайда ол пәтерлерді әлі күнге дейін жекешелендіре алмай жүргендер де бар екен. Осы орайда заңгер Ербол Қожабеков азаматтарға тұрғын үйді жекешелендірудің жолдарын түсіндіріп берді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің басым бөлігі жергілікті медициналық қызметтердің сапасына қатысты наразылық білдірді. Тұрғындардың хабарлауынша, қазіргі емхананың ғимараты сын көтермейді. Азаматтар «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділерін осы мәселені шешіп беруді сұрады.

Айта кетерлігі, «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Шымкент қаласы тұрғындарына арналған күнделікті қоғамдық қабылдауы жұмыс күндері таңғы сағат 10:00-13:00 аралығында өтеді. Ал, ауқымды қоғамдық қабылдау айына 2 рет ұйымдастарылмақ.

Одан бөлек, алдағы уақытта Қор өкілдері қабылдауға мегаполистегі түрлі сала мамандарын шақыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде тұрғындарды толғандыратын көптеген сұрақтың шешімін табу жоспарда бар.
Естеріңізге салайық, Қор азаматтардың нақты проблемаларын шешіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында еңбек құқықтарын қорғау саласының сарапшыларын, заңгерлер мен қоғам белсенділерін жұмысқа тартады.

Қазақстандықтарға құқықтық мәселелер бойынша заңгерлік қолдау мен консультация беру үшін «Әділдік және өркендеу» ҚҚ Қазақстанның мына қалаларында қоғамдық қабылдаулар ашты:

Астана – Сығанак көшесі, 54/2, «Номад» Бизнес орталығы, 2/1 кеңсе

Ақтөбе –Ливенцов көшесі, 4, 6 кеңсе

Алматы – Әйтеке би көшесі, 27

Шымкент – Бейбітшілік көшесі 3А, 4 қабат, 409 кабинет

Түркістан – Тәуке хан даңғылы, 371, 218 кабинет