Новости КАЗ

Батыс Қазақстанда қор белсендісі жол құрылысындағы кемшіліктерді анықтады

Азамат Мусилов — «Саналы ұлтқа – сапалы жол» жобасының жетекшісі. Ол қолданысқа тапсырылған және жақында пайдалануға берілетін 2 республикалық және 7 облыстық жолды тексерді.

Мусилов жол құрылысы кезінде мейлінше арзан материалдарды қолдануды тоқтату керек деген қорытынды жасады.

— Мұндай арзан жобалар Батыс Қазақстанда жолдардың бұзылуының негізгі себебі деп айта аламын. Олардың сапа жағынан да, бюджет қаражатын тиімді жұмсау жағынан да пайдасы жоқ, - деді ол.

Барлық тексерілген жолда бірдей кемшіліктер анықталып отыр. Мусилов жол жабындысының құрамы мен қалыңдығын, жобалауға қойылатын талаптарды өзгертіп, жол құрылысын бақылаудың техникалық талаптарын жаңарту керек деп отыр.

— Техникалық қадағалау тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен, жолдар сапасыз болады. Тапсырыс берушімен келісімшартқа сәйкес, олар жол құрылысының әрбір кезеңін, яғни орындалған жұмысты және нысанның дер кезінде қолданысқа тапсырылуын қадағалап отыруға тиіс, — дейді Мусилов.

Сарапшының айтуынша, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сапа стандартына сай емес жолдарды қабылдап жатыр. Сондықтан Мусилов қабылданған кейбір учаскелерді тағы бір мәрте тексеру керектігін айтады. Барлық кезең фото мен видеоға түсіріліп, тексерілген жер мен уақыты тіркеліп отыруға тиіс.
2024-10-28 14:38