Новости КАЗ

Солтүстік Қазақстандағы белсенділер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының СҚО-ғы өкілдері су тасқынынан зардап шеккен Ойқала, Былғары зауыты, Заречный кенттерінің тұрғындарымен кездесті. Мұнда аудандардан келген механикалық бригадалар көше, аула, үй - жайларды қоқыстан тазалап жатыр.

Сондай-ақ мамандар техникалық бақылаудан өтіп, жөндеуге жарамды үйлерді ретке келтіруге кірісті. Кездесуге қатысқандар мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан көмек көрсетіліп, күн тәртібіндегі проблемалар шешімін тауып жатқанын жеткізді. Былғары зауыты ауданы Рыжов көшесіндегі 58-үй техникалық бақылаудан өтіп, сарапшылар оны тұруға жарамды деп таныды. Баспананы қалыпқа келтіру жұмыстары 5,5 млн теңгеге бағаланып отыр.

«Біз қазір достарымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Демалыс күндері үйімізге келіп, маңайын жинастырып жүрміз. Мемлекет тарапынан берілетін көмекті алып жатырмыз. Гуманитарлық көмекті де алдық. Судың беті қайтқаннан кейін бізге ең алдымен әскерилер келіп, қоқысты тазалауға көмектесті. Енді, міне, ауданнан келген жігіттер жәрдем беруде. Олар өз жұмыстарын жоғары деңгейде орындап жатыр. Қалдықтар мен қоқысты шығарып берді. Үйді жөндемекші»,-дейді үй иесі Ирина Юркова.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ теріскейдегі жетекшісі Жанат Мұхамеджанов су тасқыны кезінде Қор мүшелері де қарап қалмай, табиғи апатқа қарсы күресті көпшілікпен бірге жүргізгенін айтты. Енді оның салдарын жою жұмыстарына да белсенді атсалысып, жерлестерге барынша құқықтық-әлеуметтік қолдау беретінін жеткізді.

«Су тасқыны болады деп ешкім күткен жоқ. Су-тілсіз жау. Біз тасқын кезінде әскерилер, тұрғындармен бірге қапшықтарға құм салып, бөгеттер жасадық. Одан кейін зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті жеткізуге де жәрдемдестік. Қор заңгерлері мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, көмек түрлерін алу бойынша онлайн түрде кеңестер берді. Тасқын салдарын жою жұмыстарына да атсалысамыз. Үкіметтен көрсетілетін көмектің толық халыққа жетуін бақылап, жерлестерімізге қол ұшын созуға әзірміз»,-деді Қор өкілі.

Көктемгі су тасқыны кезінде өңірде 3898 үй зардап шекті. Салдарынан облыстағы 1720 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Баспанасы апатты деп танылған тұрғындар үшін Солнечный - 2 шағын ауданында 520 үйдің құрылысы басталды. Мұнда барлығы 700 үй тұрғызылады. Сонымен қатар тұрғындарға қолданысқа берілген пәтерлер сатып алу да көзделген.