Новости КАЗ

Үш миллион теңгеден астам: 8 ай жалақы көрмеген жұмысшы Қордан көмек сұрады

«Әділдік және өркендеу» заңгерлері жұмыстан заңсыз шығарылған, жалақысын ала алмай жүрген жұмысшыларға тегін көмек көрсетеді. Қор мамандары қарастырып жатқан осындай мәселелердің бірі – түркістандық азаматтың шағымы. Ол 2023 жылы Ақмола облысындағы тау-кен кәсіпорнында еңбек еткен. Бірақ жұмыс берушінің құр уәдесіне алданып, бірнеше ай қатарынан жалақысыз қалған.

«Жұмысшы 2023 жылдың соңында еңбек инспекциясына шағымданған. Инспекция тиісті тексеріс жүргізген соң жұмыс берушіге айыппұл салып, жалақыны толықтай төлеуге міндеттеген. Бұдан кейін жұмысшы кәсіпорын өз міндеттерін орындайтынына сеніп, былтыр қайта сол жерге жұмысқа шыққан. Енді жұмысшы кәсіпорыннан ала алмай отырған ақша сомасы тағы да арта түсті. 2023 жылдан бері кәсіпорынның жұмысшыға еңбекақы бойынша берешегі 3 миллион теңгеден асады. Жалақыдан қағылған жұмысшы Қорымыздың көмегіне жүгінді. Біз сотқа дейінгі талап арыз жазуға көмектесіп, жұмысшы құқығын қорғауға атсалысып жатырмыз», - дейді Қор заңгері Самира Тайтенова.

Жұмыс беруші еңбек құқығыңызды бұзса, жалақыны кешіктірсе, бізге хабарлаңыз. «Әділдік және өркендеу» қорының электронды поштасы adil.enbek@gmail.com немесе WhatsApp нөмірі +7 778 978 02 12.

Сондай-ақ өз міндеттерін орындамайтын жауапсыз жұмыс берушілерді білсеңіз, қордың Реестріне қоса аласыз. Былтыр 12 желтоқсанда қорымыз өзінің осындай жаңа бастамасын жариялаған болатын. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы форманы толтыру керек.