Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» Қорының белсенділері «Alaqan Mektep» бағдарламасын талқылауға қатысты

Ақмола облысының орта білім бері мекемелерінде «Alaqan Mektep» бағдарламасы енгізіліп жатыр. Былтыр пилоттық жобаға Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы № 3 мектеп қосылды. Енді бұл жүйеге қалған білім ордаларын енгізу мәселесі қаралып жатыр. Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелге «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының жергілікті белсенділері де қатысты. Сондай-ақ жиынға қатысушылар арасында адам құқықтары жөніндегі өкілетті орган, құқық қорғау органдары, білім беру басқармасы мен бөлімдері, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті, білім беруде жаңа технологиялардың өңірлік орталығының өкілдері, жалпы білім беретін мектеп директорлары мен «Alaqan Mektep» бағдарламасын әзірлеушілері болды.

«Alaqan Mektep» жүйесі оқушылар сәйкестендіргіші (идентификатор) ретінде қарастырылмақ. Өңірлік білім басқармалары мен білім беру мекемелері жаңа цифрлық бағдарламаның білім беру жүйесіндегі тиімділігіне оң баға беріп, оны барлық білім беру орындарында қолдану қажеттігін атап өтті. Дегенмен қоғамдық ортада, әсіресе, ата-аналар арасында «Alaqan Mektep» жүйесін мектептерде қолдануға қарсылық білдіріп отырғандар да бар. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы аса маңызды болғанымен, жұртшылық ультрасәулелердің адам өміріне қауіптілігі, деректердің ашық түрде жариялану мүмкіндігі және мемлекеттік бюджеттің шығындары жайлы ой қозғады. Мектептердің әкімшілігі, керісінше, жаңа цифрлық технологиялармен жабдықталған «Alaqan Mektep» жобасының ата-аналар үшін, қаржыны үнемдеу тұрғысынан, сондай-ақ балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі жағынан тиімді екенін жеткізді. Жоба авторлары, білім беру мекемелерінің директорлары және басқарма өкілдерінің мәліметінше, бұл бағдарламаның арқасында ата-аналар балалардың мектепке келіп-кетуі, кітапханадан алған кітаптары, асханадан қандай тамақ алғаны туралы мәліметтерді мобильді қосымшадан көріп отырады.

Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, жоба жайлы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ тиісті шешім қабылдамас бұрын, бұл мәселені тағы бір рет пысықтау қажеттігін атап өтті. Олар бағдарлама авторлары мен тапсырыс берушілерге шешім қабылдау кезінде ата-аналар, оқу орындары қызметкерлерінің пікірін ескеріп, ұсынылған технологияны қолданудың барлық артықшылығы мен кемшілігін мұқият зерделеуді ұсынды.

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры бүкіл ел бойынша қоғамның дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып, қазақстандықтардың өмірін жақсартуға жәрдемдесуге дайын бастамашыл азаматтарды біріктіреді.