Новости КАЗ

Қор Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы еңбек жағдайын тексеріп қайтты

Қордың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясының мүшелері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек қауіпсіздігі сақталғанына көз жеткізді. Олар бірінші, екінші және төртінші балқыту цехындағы жұмысшылармен кездесті. Бұл зауытта 4 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Металлургтер арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдары берілетінін айтады. Асханадағы тамақ мәзіріне де, жалақыға да шағымдары жоқ. Жұмыскерлерге шипажайда емделуге жолдама беріледі екен.

Зауыт 1943 жылда іске қосылған. Мұнда жыл сайын 740 мың тоннадан астам ферроқорытпа шығарылады. Бұл зауыт "Қазхром" корпорациясына тиесілі. Былтырғы таза табысы – 197 миллиард теңге. Алайда «Әділдік және өркендеу» қорының өңірдегі белсендісі Александр Мандрыкин қала билігі бұл қаражатты қалай және қайда жұмсайтынына қатысты алаңдаушылық бар екенін жасырмады.

«Жұмысшылардың еңбекқорлығының арқасында кәсіпорын қомақты салық төлеп отыр. Ал сол ақша қайда жұмсалып жатыр? Тұрғындарды осы сұрақ мазалайды», - деді ол.

Аймақтағы еңбек инспекциясының мәліметінше, 2020 жылы зауытта 1, 2021 жылы – 3, 2022 жылы – 6 төтенше оқиға болған. Былтыр – 2 және биыл бірінші жартыжылдықта тағы 2 төтенше оқиға.

Зауыт өкілдері жұмыскерлердің қазасы мен жарақат алуын болдырмау үшін шара қолданылып жатыр деп сендірді. Олар кәсіпорындағы еңбек жағдайын кез келген тұрғынға көрсетуге дайын. Тіпті ғарыш өнеркәсібіне арналған қоспалар да қалай жасалатынын көруге болады. Ол үшін экскурсияға жазылып, зауытқа бару керек.
2024-11-01 14:13