Новости КАЗ

Жалақысыз жарты жыл немесе қор қызметкерге қалай көмектесті

Бір емес, екі емес, жарты жыл жалақы күтуге шыдамыңыз жетер ме еді? Өкінішке қарай, отандық еңбек нарығында мұндай жағдайлар көп. Мұндай сәтте азаматтардың әділдік іздеу жолында тауы шағылып, ақыры жалақысын өндіре алмайды. Алайда, елдегі бір компанияның Шымкенттегі филиалына жетекшілік еткен Гаухар Қонысова «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры арқылы еңбекақысын өндіріп алды. Енді рет-ретімен.

Оқиғаның өрісі
Гаухар кәсіпорындарды жабдықтаумен айналысатын компанияның Шымкент қаласындағы филиалының жетекшісі болып 2023 жылдың желтоқсанынан, 2024 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеген. Алайда жалақы мен міндетті төлемдердің үнемі кешіктірілуіне байланысты өз еркімен жұмыстан шығу туралы шешім қабылдайды.

Жұмыс беруші толық есеп айырысуға ауызша уәде бергенмен, бұл процес жарты жылға созылады. Адал ақшасын толық қайтаруға деген сенімі жоғала бастаған сәтте іске «Әділдік және өркендеу» қоры араласып, түйткілді мәселенің түйіні тарқады.

Қордың заңгерлері дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін түсіндіріп, www.enbek.kz онлайн-платформасы арқылы еңбек шартының болғанын дәлелдеді. Қажетті құжаттарды жинап, қор еңбек инспекциясына шағым түсірген соң тексеру шаралары басталды. Нәтижесінде жұмыс беруші барлық қарыздарын төлеуге мәжбүр болды.

Заңгер кеңесі: мұндай жағдайда не істеу керек?
«Әділдік және өркендеу» қорының заңгері Самира Тайтенова мұндай жағдайда істі орта жолда тастап кетпей, кезең кезеңімен соңына дейін жеткізуге кеңес береді.

«Біріншіден, еңбек шартыңыз www.enbek.kz платформасында тіркелгеніне көз жеткізіңіз. Екіншіден, кешіктірілген барлық фактілердің есебін жүргізіп, қолда бар құжаттарды ұсына отырып еңбек инспекциясына шағымданыңыз. Үшіншіден, заңға сәйкес талап етуден қорықпаңыз – жалақыны уақтылы төлемеген жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады және ол өз міндеттемелерін орындауға мәжбүр болады».
Айта өту керек, жалақыны кешіктірген жұмыс берушілер үшін 30-дан 150 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл жазылады.

Қорға хабарлас, еңбек құқығыңды қорға!
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек құқығы бұзылған кез келген азаматқа заңгерлік көмекті тегін көрсетеді. Қор заңгерлерінің көмегімен ондаған жұмыскерлердің құқығы қорғалды. Сот арқылы әділдікке жетті.
Жұмыс беруші еңбек құқығыңызды бұзса, жалақыны кешіктірсе, қорға хабарлаңыз. «Әділдік және өркендеу» қорының электронды поштасы adil.enbek@gmail.com немесе WhatsApp нөмірі +7 778 978 02 12.

Қор реестрі

Сондай-ақ өз міндеттерін орындамайтын жауапсыз жұмыс берушілерді білсеңіз, қордың Реестріне қоса аласыз. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы форманы толтыру керек.