«Әділдік және өркендеу» қорының Солтүстік Қазақстандағы жақтасына өңір әкімі алғыс хат табыстады
СҚО-да су тасқыны мен оның зардаптарын жоюға зор үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олардың арасында еріктілер, кәсіпкерлер, журналистер, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес және бюджеттік ұйым өкілдері, блогерлер мен спортшылар бар. «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы жақтастарының бірі, ерікті Әлфараби Мыңбайдың да еңбегі еленді. Ол ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың қолынан алғыс хат алды.
«Солтүстікқазақстандықтар бірігіп, табиғи апатпен күресте шынайы патриоттық пен қаһармандық танытты. Мереке күні баршаңызға береке мен бірлік тілеймін. Еліміз гүлденіп, көк Туымыз желбірей берсін»,-деп, өңір басшысы тілсіз жаумен күрескен азаматтарға алғысын білдірді.
Айта кетерлігі, су тасқыны кезінде Әлфараби Мыңбай облысқа жеткізілген гуманитарлық көмекті таратып, халықты қауіпсіз жерге көшіру кезінде Қор өкілдерімен бірлесе белсенділік танытты. Осылайша, ол Қоғамдық қордың әрдайым қарапайым халықпен тығыз байланыста екенін дәлелдеді.