Новости КАЗ

Қор маусымдық жұмыстың машақатын тартқан жұмысшыға қолдау көрсетті

Қор маусымдық жұмыстың машақатын тартқан жұмысшыға қолдау көрсетті

«Әділдік және өркендеу» қорының қызметкерлері еңбекақысын ала алмай жүрген Никита Плетневтың бұрынғы жұмыс орнына барды. Ол Ақмола облысында газ құбырының құрылысынатартылған. Жұмыс болған, еңбек шарты болмаған. Қор өкілдері жұмысшының құқығын қорғау үшін Талапкер ауылына жол тартты. Бас мердігер – «Алия сервис» ЖШС. Алайда Плетнев қосалқы мердігер компанияның нақты атауын білмейді. Жұмыс берушінің аты Дәурен Рамазанов деп отыр.

Қор өкілдері сол Рамазановпен сөйлесіп, жағдайды түсіндірмек болды. Алайда Дәуренмен ойымыз бір жерден шықпады. Жолыға алмадық.

Бұдан соң біз Целиноград ауданының құрылыс бөліміне бардық. «Алия Сервис» ЖШС бірнеше жыл бойы әкімдікпен жұмыс істейді. Оларға шағым түспеген. Ал қосалқы мердігерді әкімдік бақыламайды, компаниялардың тізімі жоқ.

Ақмола облысы әкімдігі ақпаратының қызметкерлері газ желісі Аршалы және Целиноград аудандарында 2023 жылдан бері салынып жатқанын айтты.

Былтыр Аққайың, Шұбар, Қоянды, Алтынсарин, Талапкер және Жібек жолы ауылдарында газ өткізуге 7,1 миллиард теңге бөлінген. Биыл Қосшы мен Целиноград ауданындағы Қаражар, Қызылсуат, Қараөткел, Тайтөбе, Ақмол, «Нұрлы» ауылдарында газ құбыры салынады.

Бұл мемлекет қомақты қаражат жұмсап отырған ауқымды жоба. Ал жұмысшыларға жағдай жасалған ба?

Талапкерде арнайы жұмыс киімін киген бірде-бір жұмысшыны көрмедік. Қорғаныс құралдары да қарастырылмаған. Дәнекерлеушінің маскасы жоқ, күннен қорғайтын қарапайым көзілдірік таға салған.

– Бізге құрылысшылар бүтін бір бригада болып келіп, жұмыс берушіге шағымданады. Жалақы ала алмай жүргендер көп. Бірақ еңбек шарты жоқ, біз не істей аламыз?, – дейді Целоноград ауданы құрылыс бөлімі жетекшісінің орынбасары Ербол Байсаматов.

Никита Плетнёв – күні жұмыс берушіге қарап қалған жүздеген қарапайым жұмысшының бірі.

Жыл басынан бері қорымызға 266 адам көмек пен кеңес сұрап келді. «Әділдік және өркендеудің» басты мақсаты – жұмысшының құқығын қорғау. Қор Никита Плетневтің мәселесін жарты жолда қалдырмайды. Осындай жағдайға тап болған жандар Астана мен 20 өңірдегі өкілдігімізге жүгіне алады.