Новости КАЗ

«Бұл істе бірбеткей болу керек», – «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы

Кәсіподақтардың маңызды міндеті – жұмысшылардың қауіпсіз жағдайда еңбектеніп, әділетті жалақы алу құқығын қорғау. «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин осындай ұстанымда. Қоғамдық бірлестік 10 жылдан астам уақыт бойы Qarmet-тегі болат департаментінің 16 мыңнан астам жұмысшысының мүддесін қорғап жүр. Теміртау металлургиялық комбинатының 9 мыңнан астам зейнеткеріне де қолғабыс етеді.

«Ұжымның арқасында компанияға табыс түседі. Сондықтан комбинатта алаңдамай жұмыс істеуге жағдай жасалуға тиіс. Кейде жұмыс беруші түсіністік танытады, кейде екі тарапқа да тиімді болатын бір ымыраға келеміз», - дейді ол.

«Жақтаудағылар» жұмыс берушімен заң аясында келісімге келіп, қызметкерлерге қосымша артықшылықтар беруге болатынына сенімді. Кәсіподақ мүшелері, теміртаулық металлургтер үшін төленетін еңбек демалысын 43 күнге дейін созу, декрет демалысы төлемдерін арттыру, шипажайда емделу, трамвайда тегін жүру, жалақыны индекстеу, зейнеткерлерге қаржылай көмек жасау, тегін көмір сынды жеңілдіктерге қол жеткізілді.

Теміртауда металлургтер кәсіподағы 68 жыл бойы жұмыс істейді. Сол кезде Қарағанды металлургтер комбинатының негізі қаланды (2023 жылдан бастап Qarmet). Митингтер болған кездерден де өттік, деп еске алады Виктор Щетинин. Қазір жағдай басқаша. Еңбек кодексі жұмысшылардың құқығын кеңейтіп отыр. Алайда жұмыс беруші соның аясынан шыққысы келмейді. Сол себепті профком «Жақтау» мен болат департаменті басшылығы арасында ұжымдық келісімшарт жасасу бастамасын көтерді. Қол қойылған құжатта металлургтерге қосымша артықшылықтар қарастырылған. Келісімнің әрбір тармағын қабылдауға жарты жыл кеткен.

«Әдетте жұмыс беруші жалақы төлеймін, басқа не істеуім керек? дейді. Жалақы да, еңбекті қорғау да дұрыс , бірақ жұмысшы кәсіпорыннан кетпес үшін қосымша артықшылық қажет. Жеке қорғаныс құралдары, арнайы киім, жұмыс орнындағы өндірістік санитария сынды еңбек қауіпсіздігіне қатысты да біраз мәселе бар. Біз тәуекелдерді мейлінше азайтып, жұмысқа келген адам үйіне аман-есен оралғанын қалаймыз», – дейді Виктор Щетинин.

Қоғамдық бірлестіктер кәсіподақтардың жұмысын күшейте алады

Қазақстанда мықты кәсіподақтар жетерлік. Бұған «Казпрофметалл» салалық кәсіподағының жұмысы дәлел. Алайда бұл істе бірбеткей болу керек, деп санайды Виктор Щетинин.

«Кәсіподақ төрағасын өзінің ығына көндіріп алған жұмыс берушілер бар. Кәсіподақ тек қағаз жүзінде істеп, жағдай толықтай жұмыс берушінің бақылауында болғаны әрине көңіл құлазытады. Кәсіподақтар көп, бірақ олар бірінші кезекте ұжымның құқығы мен мүддесін қорғауға тиіс. Еңбек кодексіне сәйкес, тиімді жұмыс істеу үшін кәсіподақтардың құзыры мен құқығы жеткілікті.

Елде іс жүзінде жұмыс істеп жүрген қоғамдық бірлестіктер кәсіподақтардың жұмысын күшейте алады, дейді «Жақтау» өкілдері.

«Біз жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуды көздейтін барлық қоғамдық бірлестікпен әріптестік орнатуға тырысамыз. Кез келген мәселені талқылауға дайынбыз», – деді Виктор Щетинин.

Алда 55 жасқа дейін зейнетке шығу құқығына ие жұмысшы мамандықтар тізімін кеңейту мәселесі тұр. Бұл жеңілдік зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін комбинаттың барлық қызметкеріне қатысты болуға тиіс. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер де түсінуі керек, дейді «Жақтау» төрағасы.