Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Түркістан облысындағы өкілдігі Сауран ауданының әкімімен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Әдемау Толысбаева мен Қор маманы Амангелді Қалыбек Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровпен бас қосып, ауылды аймақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқыға салды.

Кездесу барысында белсенділер Қордың атқарған жұмыстары жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен де таныстырды. Сондай-ақ ұйым өкілдері аудан басшысына еңбек адамының мәртебесін көтеруге және ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласын өркендетуге бағытталған авторлық пилоттық жоба жайында сөз қозғады.

Әдемау Толысбаеваның пікірінше, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Мемлекетімізді дамытатын азаматтар да - солар.

«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. «Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады», – деген сөздің астары терең деп білем. Біздің қоғамның еңбекке деген қатынасы өзгеру керек. Бұрын өндіріс директорынан механик, слесарь сияқты кәсіби мамандар жоғары жалақы алатын. Олардың әлеуметтік жағдайы қамтылған, қоғамда беделді тұлға ретінде дәріптелді. Адамдар адал еңбегінің арқасында баспаналы болып, зейнетке шыққанда лайықты өмір сүретінін білетін. Қазіргі Жаңа Қазақстан үшін де осындай бір жүйе керек. Еңбек адамы қызмет етуінің «жетістік межесі» белгіленіп, кәсіптің түрлері классификацияланып, еңбектің ауыр, жеңілдігіне қарай мамандық таңдай алу мүмкіндігі барын сезінсе, еңбекке деген қатынасы да өзгереді»,-деді Қордың Түркістан өңіріндегі өкілдігінің жетекшісі.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қор өкілдері көздеген мақсаттардың жергілікті халық үшін аса маңызды екенін атап өтіп, оған қолдау көрсететінін жеткізді.

Айта кетерлігі, еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғап, «адал еңбек» культін дәріптеу, сондай-ақ қоғамды еңбек адамдары арқылы өрге жетелеу - «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ қызметіндегі басымдық берілген бағыттардың бірі.