Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Ақтөбедегі белсенділері Қазақстан халқының бірлігі күні Достық фестивалін өткізді

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өңірлік филиалының өкілдері Қазақстан халқының бірлігі күні Ақтөбеде Достық фестивалін өткізді. Қоғам белсенділері Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледжінің студенттерімен бірге мерекелік концерт, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және ұлттық киімдер дефилесін ұйымдастырды.

Бұл күні түрлі ұлт өкілдері қонақтарды тәтті тағамдарымен қарсы алды. Шараға қатысқан студенттер осы тағамдарды дайындау әдістерімен бөлісіп, өздерінің ұлттық дәстүрлері туралы айтты.

Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледжінде 30-ға жуық ұлт өкілі оқиды. Мұнда лезгиндер, корейлер, шешендер, башқұрттар, армяндар да білім алады. Сондықтан олар ұлтаралық достық ұғымын жақсы біледі. Халықаралық оқытушылар құрамы да колледждің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мысалы, нигериялық Джордж Джоико студенттерге ағылшын тілін үйретеді, ол балаларға өз халқының салт-дәстүрлері туралы қызығушылықпен айтып отырады.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өңірлік филиалының басшысы Александр Мандрыкиннің хабарлауынша, ұйым жақтастары арасында түрлі ұлт өкілдері бар.

«Мен өзім қазақтың күйеу баласымын. Қазақстанның түрлі саладағы жетістіктерін мақтан тұтамын. Біз шыққан тегімізге қарамастан бәріміз қазақстандықпыз және әрқайсымыз елдегі ұлтаралық келісімді сақтауға өз үлесімізді қосып отырмыз», – деді А.Мандрыкин.
«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды біріктіреді. Қордың жақтастары мемлекет өміріне барынша белсене қатысады, олар тең құқықтар үшін күресіп, еңбек адамдарының мүдделерін қорғайды, әділ қоғам құрып, Қазақстанның өркендеуіне ұмтылады.

Қоғамдық ұйым қызметінің басым бағыттары Манифест – үндеуде қамтылған. Қордың құндылықтарын қолдайтын кез келген адам құжатқа онлайн қол қою арқылы оның жақтастарының қатарына қосыла алады.