Новости КАЗ

35 граммға аз: қор белсендісі жетісулық мектептердің асханасын аралады

«Мектеп мәзірі» жобасы аясында қор белсендісі Әсет Оңалбаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірнеше мектептердің асханасында мониторинг жүргізіп қайтты.

Мониторингтік топ ас мәзірінің сапасы мен санитарлық талаптарға қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтады. Мысалы, Босақов атындағы орта мектеп асханасында көкөніс салатының нормасы аз болып шықты. 60 граммның орнына 25 грамм ғана салған.

Ал, Розыбакиев атындағы орта мектепте ас мәзірі бойынша пісірілген тағамдар нормаға сай емес. Мұны мектеп басшылығы «аспаз қателігі» деп отыр. Әсет Оңалбаевтың айтуынша, мердігерге кемшіліктер туралы ескерту жолданды.

Мониторинг тобы барған келесі білім ошағы – Жамбыл атындағы орта мектеп. Бұл мектепте оқушыларға қуырылған котлет беріледі екен. Тыйым салынған тәттілер де сатылып жатыр. Бұдан басқа да олқылық жетерлік. Мәселен, аспаздардың арнайы дипломы жоқ, тамақты газ баллонда жасайды, асханада тазалық сақталмаған.

«Әділдік және өркендеу» қорының жақтасы Әсет Оңалбаев барлық кемшілік бойынша акт толтырып, Панфилов ауданы бойынша санитарлық бақылау бөліміне жолдады.

Еске салсақ, Қор мектептегі тамақ сапасын тексеруге арналған «Мектеп мәзірі» жобасын жүзеге асыруда. Жоба жетекшісі Әсет Оңалбаев жаңа оқу жылы аяқталғанша елдің барлық өңіріндегі мектептерге барып, ас сапасын тексеруді жоспарлап отыр. Бұл жобаға Қазақ Тағамтану академиясы да қосылуға ниетті.