Новости КАЗ

Қоғам белсенділері Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстарының жүргізілуін бақылайды

Қолдан жасалған Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын іске асыру жұртшылықтың бақылауында болады. Бұл туралы «Әділдік және өркендеу» ҚҚ Ақтөбе өңірлік өкілдігінің басшысы Александр Мандрыкин тақырыптық дөңгелек үстелде мәлімдеді.

Іс-шараға түрлі ұйым мен қозғалыстың экоактивистері қатысты.

«3 жыл бұрын басталған жоба ең басынан бері біздің бақылауымызда болды. Біз, қоғам қайраткерлері, билік пен мүдделі ведомстволарға үн қатып, құны 1 млрд теңге болатын жоспарланған жұмыстардың орынсыздығына назар аудардық. Нәтижесінде жобаны өзгертіп, оны толықтыруға мүмкіндік алдық. Дегенмен, Шалқар белсенділерінің көңілі жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына толмайды. Олардың айтуынша, тоғанның кейбір жерінде қамыс кесілмеген, жүргізіліп жатқан жұмыстардың техникасы мен әдістемесіне шағымдар түсті. Сондықтан бұл жоба, толық іске асырылғанша дейін, қоғам қайраткерлерінің бақылауында болады», - деп атап өтті Александр Мандрыкин.

Оның айтуынша, осы жоба аяқталғаннан кейін, экобелсенділер табиғи су қоймасын – жасанды көлден 10 есе үлкен ескі Шалқар көлін құтқару мәселесін ортаға салмақ.

Шалқар көлін тазарту үш жыл бұрын басталған. Бұл жұмыстарға бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
80 жыл ішінде ағынның болмауы мен қардың аз жауғаны салдарынан су қоймасы кеуіп, қамыс өсіп, түбіндегі лайдың қалыңдығы 1 метрден асты. Жоба бойынша барлық қажетті жұмыс тендерді жеңіп алған Tolagai-2050 компаниясына тапсырылды. Нәтижесінде Шалқардағы су көлемі 7 млн текше метрден 24,2 млн текше метрге дейін артып, көлдің тереңдігі үш метрге жетеді деп күтілген. Былтыр қазан айында мердігерлер аймақ басшысы Асхат Шахаровқа осы нәтижелерге қол жеткізілгені туралы көпшілік алдында есеп берді.

Алайда «Tolagai-2050» кәсіпорны өкілдерінің өздері су қоймасының түбін тазарту жобасы әлі аяқталмағанын атап өтті. Бұл ретте, мердігер тапсырыс берген құрылыс басқармасы «қаржыландыру мен қандай да бір құжаттарға қол қою мәселелерін кешіктіреді» деп отыр.

Сонымен қатар қосалқы мердігер – «Гидросервис Ақтөбе» компаниясы оған 700 миллион теңге төлеуді талап етеді. Ұйым басшылығының айтуынша, олар су қоймасының түбін тазартумен айналысты. Қосалқы мердігерлік ұйымның қызметкерлері еңбек инспекциясы басқармасына жүгінді. Ведомство, өз кезегінде, қарызды ішінара өтей бастағанын атап өтті.

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры бүкіл ел бойынша белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтарды біріктіреді. Қор өкілдері мен жақтастары мемлекет пен қоғамның өміріне қатысады, жұмысшылардың мүдделерін қорғайды, қоғамдық маңызы бар мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді.
2024-06-13 09:31