Новости КАЗ

Президент жарлығы: Қор Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бірқатар бастаманы қолға алады

27 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялап, жарлыққа қол қойды. «Әділдік және өркендеу» қоры осы жыл аясында бірнеше бастаманы жүзеге асырады. Солардың бірі – Жұмысшы мамандықтар жылын өткізуді қоғамдық қолдау Орталығы. Ол жаңа жылдық мерекеден соң бірден іске қосылады..

Орталық ҮЕҰ, қоғам белсенділері мен Жұмысшы мамандықтар жылын лайықты өткізуге немқұрайлы қарамайтын азаматтар үшін ортақ алаңға айналмақ. Қор бұл үшін adalenbek.kz арнайы сайтын жасайды. Сайтта елдегі еңбек адамдарын қолдауға арналған қоғамдық іс-шаралардың интерактивті Картасы жасақталады.

Қор осы ретте, ақпаратты бір ресурста жинау үшін үкіметтік емес ұйымдарды өз бастамалары туралы ақпарат бөлісуге шақырады. Бұл кез келген қазақстандық үшін ыңғайлы болмақ, яғни бір сайтқа кіріп, өтетін іс-шаралар туралы ақпарат алып, қатысуға мүмкіндік береді. Ақпаратты adildik.org.kz@gmail.com поштасына жіберуге болады.

Жұмысшы мамандықтар жылына арналған Қордың келесі бастамасы –"Еңбек даңқы" онлайн-кітабы. Бұл адал еңбекпен отбасын асырап, ел экономикасын еселеуге үлес қосып жүргендердің есімі жазылатын естелік кітабына айналады. «Еңбек даңқы» онлайн-кітабына кез келген қазақстандық лайықты деген жанды қоса алады. Бұл кітап та adalenbek.kz арнайы порталына жүктеледі.

Сондай ақ, Қор журналистер мен блогерлер арасында «Еңбек адамы туралы ең үздік материалға» байқау жариялайды. Конкурсқа журналистер мен кемінде 3 мың жазылушысы бар блогерлер қатыса алады. Жұмыстар түрлі жанрда,бірнеше номинация бойынша қабылданады. Келіп түскен жұмыстарды құрамында беделді медиа мамандар мен қор өкілдері кіретін қазылар алқасы бағалайды. Алғашқы жеңімпаздар Журналистер күніне орай марапатталады. Ал, 2025 жылдың соңында жалпы қорытындысы шығарылады.